|
18.03.2024 | 11:43
2013

Астанада қоймадан ірі өрт шықты

Өрттің неден шыққаны және келтірілген шығын көлемі әзірге белгісіз

Астанада қоймадан ірі өрт шықты ҚР ТМ / кадр видео МЧС РК

Астанада ірі қойма өртке оранды. Тілсіз жаудың күштілігі сонша ғимараттың шатырын ортасына түсірді. Төтеншеліктер жалынмен түске дейін арпалысып, оның жайылуына жол бермеді. Оқиға орнына 70-ке жуық адам, 15 техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алапат өртпен төтеншеліктер әлі алысып жатыр. Қызыл жалын шамамен таңғы сағат7:00 шамасында тіркелген. Содан бері 4 сағат өтті. Өздеріңіз көргендей, қою қара түтін әлі басылар емес.

Тілсіз жаудың тұтанғанын алдымен көрші ғимараттағы күзетші көрген. Қызыл жалынды көзі шала қала, бірден төтеншеліктерге хабар берген. Куәгер «бұл жерде бұрын-соңды мұндай оқыс оқиға тіркелмеген еді»деді. Балалар ойыншығы сақталған үлкен қоймада сақтық шаралары бұзылмағанын айтып қалды.

Көмір салып келе жатып, төбеден жалын көрдім. Бірден иесіне хабарласып ем, ол төтеншеліктерге қоңырау шал деді. Олар келіп, өшіріп жатыр, – деді күзетші Болат Жолдығазинов.

Төтеншеліктердің ақпарынша, өрт таңғы 07:20-да тіркелген. Оқыс оқиға қала шетіндегі Байқоңыр ауданында болған. Қызыл жалынның күштілігі сонша бірнеше өрт сөндіру бригадасы жұмылдырылды. Оқиға орнында 3 жауынгерлік учаске құрылды. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 1700 шаршы метрге жеткен.

– Жақын жерде орналасқан гидрант 300 шаршы шақырым жерде болды. Су бойынша проблема болған жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда конструкцияларды ашу және су құю жұмыстары жүргізілуде, – деді ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Назарәлі Селимов.

Отқа оранған қойманың ішінде балалар ойыншығынан бөлек, бала жөргегі мен басқа да қажетті бұйымдар сақталған. Тауарлар тегіс қызыл жалын құрсауында кетті. Келтірілген шығын көлемі әзірге белгісіз. Оқиға орнында арнайы штаб құрылды. Жұмыс тобы өрттің шығу себебі мен келген залалды анықтайды.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан


Оқи отырыңыз: Ақтөбеде өрттен 11 адам құтқарылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир