Шымкентте балалардың жаппай улануы: 14 адам ауруханаға жеткізілді

kursiv.kz
kursiv.kz
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жедел штаб құрылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Республикалық олимпиадаға қатысқан оқушылар жаппай уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

2 күн бұрын таңғы сағат 5:30-да Дулати көшесіндегі жатақханалардың бірінен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 15 бала  жеткізілген. Шұғыл түрде медициналық көмек көрсеткен дәрігерлер науқастарға 2 түрлі диагноз қойып отыр. Белгілі болғандай, 14 оқушыда жедел ішек инфекциясы анықталса, тағы бір бала желшешек-вирусын жұқтырып отыр.

«Науқастарда ауруханаға түскенде дене қызуы көтереліп, құсып, бас айналу белгісі болған. Дәрігерлер науқасатарға шұғыл көмек көрсетіп, диагнозын нақтылады. Сондай-ақ 22 наурыз күні   Дулати көшесіндегі жатақханадан жедел медициналық жәрдем бригадасы арқылы  «желшешек ауыр дәрежедегі бөртпе кезеңі» диагнозымен бір науқас жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды», – деді Қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Инна Глазебная.

Оқушылардың жаппай улануына байланысты санитар дәрігерлер 3 асханадан сынама алып, тексеру жүргізіп жатыр. Республикалық олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысып жатыр. Мамандар оқыс жағдайдан кейін ауруханаға түскен 15 оқушы олимпиаданың екінші турына қатыса алмайтынын айтты.

«Әр өңірден жетекшісінің басқаруымен оқушылар  келеді. Олар денсаулығына жауапты болғандықтан, бірге  жатақханаға жатады. Осы мәселеге байланысты штаб құрылып, анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қатерлік жібергендер жазаланады», – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Гаджамбек Тұрсынов.

Оқушылардың жаппай улануынан кейін олимпиада ұйымдастырушылары оқу орындарына тағамды жеткізуші мекемені қызметінен шеттетіп, өзге компаниямен жұмыс істеуде. Ал  шаһардың санитариялық-эпидемиологиялық қызметі оқыс жағдайға байланысты тиісті сынамалар алғанымен, қорытындысын әзірге жариялаған жоқ.

Лаура Нахыпқызы, Абзал Тұрабек  «Алматы» телеарнасы Шымкенттен


Оқи отырыңыз: Наурыз мерекесі күні із-түзсіз жоғалған ер адам өлі табылды

Новости партнеров