«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Ленин атындағы шахтадағы апаттың себебін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов Ленин атындағы шахтада болған апаттың себебін мәлім етті.
«Үшінші қараша күні сағат 03.03-те Ленин атындағы шахтада газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде метан газы кенеттен тарап кетті. Апат кезінде шахтада жер астында 106 адам болған. Оның 101-і эвакуацияланды. 5 адам қайтыс болды, қазіргі уақытта төрт адам ауруханада жатыр. Қазір авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Біз қаза тапқандардың отбасыларына, кеншілеріміздің әріптестеріне көңіл айтамыз. Қаза тапқандардың, зардап шеккен шахтерлердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі», - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов.
Қазіргі уақытта жедел штаб кеңес өткізуде. Болған жағдайдың себептері мен мән-жайларын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Естеріңізге сала кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында 3 қарашаға қараған түні қайғылы оқиға орын алып, салдарынан 5 кенші қаза тапты.