Бүгін Алматыда орын алған әуе апатынан қаза болған жолаушылардың арасында көптеген танымал тұлғалар бар. Қайғылы оқиға елімізге танымал Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров пен әріптесіміз INFORMBURO.KZ порталының шығарушы редакторы Дана Круглованың да өмірін қиды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Рүстем Есімханұлы 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Марқұм Кеңес Одағының Ішкі істер министрлігі Қазақстан мен Қырғызстандағы ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі аймақаралық басқарма бастығы болған. Ол «Қазақ КСР Қылмыстық істер жүргізу Кодексі түсініктемесінің» әзірленуіне және басылуына қатысқан. Ал зейнетке шыққаннан соң Рүстем Есімханұлы республикалық Генералдар кеңесін басқарған.
«Рүстем Есімханұлы елімізге көп еңбек сіңірген бір азамат еді. Иә, таза, шындықпен жүретін. Зейнетке шықаннан кейін екеуіміз Генералдар кеңесін құрып, бірге жұмыс істеп жүрген едік», - деді генерал-майор Айтқали ЕСЕНҒҰЛОВ.
Қайдаров төрағалық еткен Генералдар кеңесі елдің қоғамдық-саяси өміріне, әсіресе әлеуметтік маңызы бар жобалар мен әскери-патриоттық жұмыстарды жүзеге асыруға белсенді қатысты. Әділет генерал-майоры және КСРО ІІМ-нің құрметті қызметкері өзінің мансабын жүк тасымалдаушыдан бастап, Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне дейін атқарған. Бүгінгі Рүстем Қайдаровтың қазасы әріптестері мен жақындары үшін орны толмас қайғы болды.
«Бәрімізді басқарып, жастарды қалай тәрбиелеу керек, әскерге қалай дайындау керектігіне ақыл қосып отыратын. Нұрмағанбетов, Талғат Бигелдинов, Қожахметов секілді дүниеден озған генералдардың, басқа да әскерилердің асын беріп, ескерткіш қойып, кітабын шығарып, соның бәрін басқарып жүрген азамат еді. Енді бүгін маған ол кісі жайлы өткен шақта сөйлеу қиын болып отыр», - деді генерал-майор Айтқали ЕСЕНҒҰЛОВ.
Сонымен қатар қаза болғандар арасында әріптесіміз Informburo.kz ақпараттық порталының бас редакторы Дана Круглова да бар. Әріптестерінің сөзіне қарағанда, Дана бұл рейсті жоспарламаса керек. Алматыдағы жұмыс бойынша кездесулері барына қарамастан редактор Жаңа жылды ата-анасымен бірге өткізгісі келіп, Нұр-Сұлтанға бет алған. Шебер журналист болған Дана Круглованы достары мен әріптестері көңілді және батыл адам ретінде еске алды. Ол небәрі 35 жыл өмір сүрді.
«Біз үшін шынымен өте үлкен қайғы болды. Себебі менімен бірге көрші үстел басында отырған көңілді адам енді бұл өмірде жоқ. Ол адал және батыл журналист еді, барынша шындықты іздейтін өз ісінің нағыз маманы еді. Енді Дана біздің арамызда жоқ екеніне сенбейміз», - деді informburo.kz порталының журналисі Ульяна ФАТЬЯНОВА.
Ұшақ апатынан болған қаза бүкіл отандастардың қабырғасын қайыстырды. Барлық жұрт қайғыдан қан жұтқан отбасылар мен қаза болғандардың туыстарына көңіл айтып жатыр.