Өткен екі тәулікте республикада 57 орман және дала өрті орын алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауа райының тұрақты ыстық болуына байланысты республикада жоғары өрт қауіптілігі сақталады», – делінген хабарламада.
Ағымдағы жылғы 13 шілдеде өткен тәулікте республика бойынша 29 орман және дала өрт оқиғасы тіркелді.
Алматы облысының Жамбыл, Сарқан аудандарындағы, Ақтөбе облысының Әйтеке би, Ойыл, Қарғалы, Мұғалжар, Хромтау аудандарындағы, Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы, Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха, Үржар аудандарындағы, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласындағы, Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Қаратөбе, Тасқала, Сырым аудандарындағы, Қарағанды облысының Шет ауданындағы, Қостанай облысының Жангелді, Фёдоров аудандарындағы, Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы құрғақ шөптің жанулары жойылды.
«Аталған өңірлерде дала жануларының жалпы ауданы 4538 мың га құрады. Жануларды жоюға ТЖД, ерікті өрт сөндіру құрамаларының, орман шаруашылығының күштері мен құралдары жұмылдырылды», – дейді баспасөз қызметі.
Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы 2 орман өрті, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 5 құрғақ шөптің жануы ТЖК бақылауында.
Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 12 шілдеде өткен тәулікте республикада 28 орман және дала өрт оқиғасы тіркелді.
Алматы облысының Жамбыл ауданындағы, Ақтөбе облысының Алға, Қарғалы, Ойыл, Мәртөк, Қобда аудандарындағы, Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы, Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек, Жаңақала, Қаратөбе, Тасқала, Сырым, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарындағы, Шығыс Қазақстан облысының Үржар, Ұлан, Бесқарағай аудандарындағы, Қарағанды облысының Ақтоғай, Шет аудандарындағы құрғақ шөптің жанулары жойылды.
«Аталған өңірлерде дала жануларының жалпы ауданы 18 мың га құрады, оның ішінде Атырау облысында – 10880 га, ШҚО – 3089 га, БҚО – 2784 га өрт ауданы айтарлықтай ауқымды. Жануларды жоюға ТЖД, ерікті өрт сөндіру құраламаларының күштері мен құралдары жұмылдырылды», – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
ІІМ ТЖ комитеті азаматтарды дала және орман алқаптарында болған кезде қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады.Табиғи өрттердің орын алуының негізгі себептері халықтың отты абайсыз пайдалануы, сөндірілмеген темекі, алау, жанып жатқан сіріңке, атудан кейінгі тығынның бықсуы, майлы немесе тозығы жеткен шүберек, шыны бөтелке, күн сәулесінің сынуы, көлік құралының сөндіргішінен ұшқын, құрғақ ескі шөпті жағу, найзағайдың ойнауы.