Денис Теннің өлімі: прокурор сотталушыларды 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Денис Теннің өлімі: прокурор сотталушыларды 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Денис Теннің өліміне қатысты күдіктілер ісі бойынша сот процесі шегіне жетуге таяу. Айыптылар 20 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бүгін мемлекеттік айыптаушы мәнерлеп сырғанаушының өмірін қыршынынан қиғандарға осындай жаза сұрады. Ал қылмысты жасырып қалған Жанар Толыбаеваның жүктілігін ескеріп, келіншекті 4 жылға соттауды ұсынды. Алайда, жәбірленушілер «бұл жаза айыпталушыларға тым жеңіл» деп ашынды.

Екі аптадан астам уақытқа созылған атышулы сот процесінің бүгін жарыссөзі өтіп, сотталушыларға соңғы сөз берілді. Алғаш болып сөз алған мемлекеттік айыптаушы «адамның өмірін қиюға ешкімнің құқығы жоқ» дей келе, қоғамда резонанс тудырған ауыр қылмыстың жай-жапсарын қайта баяндады. Прокурор айыпталушылардың жантүршігерлік қылмысқа қасақана барғанын қадап айтып, оларды қатаң тәртіптегі темір торға қамауды ұсынды. Денис Тенді өлтірді деп күдікке ілінген Қиясов пен Құдайбергеновты 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

«Сотталушылар: Құдайбергенов пен Қиясовтың әрқайсынан жәбірленуші қорына 30 АЕК өндіруіңізді сұраймын. 17.01.1995 жылы туған Жанар Өркенбаевна Толыбаеваға ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлігі 1-ші тармағымен, 434-бабымен айыпты деп танып, 4 жылға бас бостандығын айыруды, өтеу жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде тағайындауыңызды сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы Қуандық ДОСОВ.

Прокурор Толыбаеваның 4 жасар баласы барын әрі қазір екіншісіне жүкті екенін ескеріп, жазасын жеңілдетуді сұрады. Марқұмның туыстары әлбетте, бұл ұсынысқа бірден қарсылық танытты. Олар «Прокурор сұраған жаза тым жеңіл» деді. Тіпті, қылмыстың басы-қасында Толыбаеваның тұрғанын айтып, келіншекті жүктілігіне қарамастан барынша қатаң жауапқа тартуды өтінді.

«Бұл қылмыстың басында дәл осы Толыбаева болды деп санаймын. Оның телефонына шетелден қоңыраулар түскен және ол Денистің айналасындағылармен байланыста болған. Сондықтан Толыбаеваға 99-баппен «Адам өлтірді» деген айыпты да тағуыңызды сұраймын. Үкім шығарарда ұлымның өліміне кінәлілерді барынша қатаң жазалауды талап етемін», – деді Денис Теннің анасы Оксана ТЕН.

Прокурор сұраған жазамен сотталушылардың адвокаттары да келіспеді. Олар «Қиясов пен Құдайбергенов тек айна ұрлығымен ақша таппақ болды, ал адам өлтіру жоспарларында жоқ еді» деп сотқа уәждерін жеткізді. Ал Толыбаеваның қорғаушысы келіншекті тіпті, «судан таза, сүттен ақ» деп, жазадан босатуды ұсынды.

«Ешқандай да ауыр қылмысты жасырған деген бап болмауы тиіс, онымен ақталуы тиіс. Жанарды босатуды сұраймын! Нақты заңда солай болуы керек. Бұл жерде тапсырыспен адам өлтіру түгілі, 99-баппен қылмыс жасаған әрекеттері де жоқ. «Қасақана ауыр жарақат салып, жәбірленушіні өлтіріп алған» деген 106-баппен дәрежелеу керек еді», – деді Жанар Толыбаеваның адвокаты Амангелді САРИЕВ.

Артынша сотталушыларға соңғы сөз берілді. Бұған дейінгі процестерде көтеріңкі көңіл күйде жүрген айыпталушылар өздерінің кінәларын тым кеш түсінген сыңайлы. Бәрі бастарын салбыратып, қара жамылған отбасыдан жалбарына кешірім сұрады. Тіпті, жылап тұрып, судьядан әділ шешім шығаруды өтінді.

«Білемін, бізді кешіру оңай емес. Бірақ барлық кісіден кешірім сұраймын. Сот мырза, өзіңізден әділ шешім қабылдайсыз деп сенемін», – деді сотталушы Нұралы ҚИЯСОВ.

«Әрине, өте өкінішті, Тен Оксана ханымның баласы қайта келмейді. Бірақ онымен қоса менің де құрсағымдағы және үйдегі екі баламның көз жасы бар. Қалай шешім қабылдасаңыз да, тек әділ шешім қабылдауыңызды сұраймын», – деді сотталушы Жанар ТОЛЫБАЕВА.

«Я понимаю, у вас Денис был в сердце, был лицом Казахстана и нашей Родины. Я жалею, что мы потеряли такого человека. Вы с детства его воспитали, вкладывали душу, чтобы он стал великим человеком. Думаю, что я обязан перед вами просить прощения. Если у вас это получится, простите меня. Я думаю, что небеса получили достойного ангела», – деді соңғы сөзін орыс тілінде айтуға рұқсат сұраған сотталушы Арман ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.

Ұрлық жасағаны былай тұрсын, адам өлтіріп қолдарын қанға былғағандардың жазадан жеңіл құтылмасы анық. Дегенмен, бір кесек айна үшін еліміздің жарық жұлдызының жанын қиғандардың қандай жаза арқалайтыны әзірге белгісіз. Ақтық шешімді судья қабылдап, қалың жұрттың қабырғасын қайыстырған қылмыстық іс бойынша ертең үкім ертең шығады.


Айдана Мейрамбайқызы, Нұржан Оразбеков, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров