Таразда көпқабатты үйде болған жарылыстан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Tеngrinews.kz Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған дейін екі адамның - әйел адам мен ер адамның қаза тапқаны хабарланған еді. Еске салайық, бұл оқиға бүгін, 27 ақпанда таңғы уақытта болған. Нақтыланған мәліметтер бойынша, 145 адам эвакуацияланған. Үш пәтер бүлінген.
Сондай-ақ, сол үйдегі тұрғындардың көбі пәтерді жалдап тұрғаны айтылады.
«Шамамен сағат 06.20-да 9-ықшамауданда жарылыс салдарынан зардап шеккендер жайлы мәлімет түсті. Барлығы алты адам зардап шекті, үш адам оқиға орнында қаза тапты. Үш адам қалалық №1 және №2 ауруханаларға, сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Үш адамға көмек көрсетіліп, олар үйіне жіберілді. Ауруханаға жатқызылғандар қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.
Сонымен қатар, зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсету мақсатында дәрігерлер мен психологтардың көмегі көрсетіліп жатқаны айтылады. Осыған дейін төтенше жағдай туралы премьер-министр Асқар Мамин шұғыл түрде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері Тараз қаласына оқиға болған жерге жөнелді.