Дәрігерлер әлеуметтік желіде тараған видеодағы құлағы үсіген ер адамның денсаулығы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Желі қолданушылары арасында екі құлағы мұз болып қатып қалған ер адамның видеосы тарады. Көлік жүргізушісі жеңіл бас киіммен жолға шығып кеткен. Оның сөзіне қарағанда, Батық ауылына жетпей, көлігі бұзылып қалған.
Ekaraganda.kz порталы таратқан мәліметке сәйкес, бұл оқиға Қарағанды облысының Шет ауданында болған. 62 жастағы ер адамның көлігі жарты жолда істен шығады. Ол қатты боран мен қақаған аязға қарамастан, жеңіл бас киіммен шыққан екен. Содан екі құлағы қатты үсіп қалған.
Жол-жөнекей көлік ұстап, Жаңарқа ауылының ауруханасына жетіп алған ол құлағымнан айырылдым деп ойлаған. Дәрігерлердің айтуынша, ер адамның құлағы қатты үсіп қалған. Бірақ тиісті ем-домнан кейін ампутацияның қажеті болмады.