Қостанайда иесімен кетіп бара жатқан екі алабай күшікті талап өлтірген. Оқиға «Макдональдс» тамақтану желісінің маңында болған, деп жазады alau.kz.
Тұрғынның айтуынша, екі алабаймен екі ер адам көшеден өтіп бара жатқан. Арсалаңдаған иттері алдынан шыққан күшікке шабуылдай жөнелген.
«Екі алабайдың да тұмылдырығы жоқ. Менің күшігім екі итті көріп қашқан. Екі ересек адам иттерін ұстаудың орнына күшікті қалай талап жатқанына қуанып, тамсанып қарап тұрған. Сосын түк болмағандай кетіп қалған. Ертең осы иттер күшікке емес, кішкентай балаға шабуылдаса ше?
Менің ұлым күшігінің өліп қалғанынан хабарсыз. Қалай айтарымды да білмеймін. Полицейлер екеуіне ең ауыр жаза берсе деймін. Итті сатып алуды біледі. Дұрыс тәрбиелеуді білмей ме сонда?», - дейді күшіктің иесі.
Ол сондай-ақ алабайдың иелерінің үстінен полицияға арыз түсіргенін де айтты.