Өскемен қаласының тұрғыны өртенген үйден көршілерін құтқарды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сенсек, 29 сәуір күні таңғы сағат 06.51-де Речная көшесіндегі көпқабатты үйде өрт шыққан. 1974 жылғы үй иесі түтін иісінен оянып кетіп, әйелі мен 2 баласын тұрғызып, балконға беттейді. Содан кейін ол көршісіне қоңырау шалып, көмек сұраған.
«Лезде көмекке ұмтылған Александр Тихобаев 2-қабаттағы балконға баспалдақ қойып, әуелі 2014 және 2013 жылы туған қыз балаларды түсіреді. Содан кейін оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер үшиінді саты орнатып, олардың әке-шешесіне көмектескен. Көп ұзамай жалпы аумағы 6 шаршы метрді құраған қызыл жалын ауыздықталды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жүргізуші болып жұмыс істейтін Александр Тихобаевтың айтуынша, кез келген адам оның орнында болса көмекке келетін еді. Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын орнату және техникалық пайдалану ережелерін бұзудан немесе отты абайсыз пайдаланудан болуы мүмкін.