Бүгін Алматы маңындағы ұшақ апатында қаза болғандардың бірі — талдықорғандық Бауыржан Қалиевты жақындары жер қойнына тапсырды. Марқұмның туған-туыстарына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов келіп, көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бауыржан Қалиев тура бір айдан кейін 41 жасқа толар еді. Марқұмның артында 3 баласы мен жары, ата-анасы қалды.
«Жалғыз ұлым, өлді дегенге қимаймын. Жүрегім қарс айырылып барады. Ұшақ апатынан қаза болған жандардың жақындарына қайғыра көңіл айтамын, мұндай апаттар енді елімізде болмаса екен деп тілеймін», - деді Бауыржан Қалиевтің анасы Жаңыл Сембаева.
Бауыржан қайғылы жағдай болатын күні Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен бара жатқан. Ата-анасына көңіл айтып келіп жатқандардың қарасы қалың. Қатарлас, сыныптас достары Бауыржанның ақ жарқын көңілін, жауапкершілігін, азаматтығын айтып, еске алуда.
«Жұмыста еңбегіне адал атқаратын. Отбасын қатты жақсы көретін азамат еді. Әрқашан да бізге отбасы туралы айтып беретін. Әке-шешесін, бала-шағасын өте қатты жақсы көріп, сыйлайтын. Өзімізге қаза ауыр тиіп жатыр», - деді әріптесі Данияр Махамбет.
Бауыржан Қалиев Талдықорғанда туып өсіп, мектеп бітірген. Семейдің заң колледжін тәмамдаған соң еңбек жолын құқық қорғау саласында бастаған. Бала-шаға қамымен Алматыға қызметін ауыстырып, жеке компаниялардың бірінде жұмыс істеп жатқан.
«Енді ғана 15 жылға ипотекаға үй алып, баспаналы болдым деп қуанып жүрген азаматтың армандары көп еді»,- деп жақындары қимастықпен марқұмды жер қойнына тапсырды.