Қарағанды облысында әйелі мен қызын қағып өлтірген жүргізушіге үкім шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайғылы оқиға 2018 жылдың қарашасында Қарақұдық ауылынан үш шақырым жерде болған. Кешкісін отбасы Қарағандыдан шығып, үйіне келе жатады. Олар қаладағы туыстарының үйлену тойына барыпты. Негізінде рөлде сотталушының бауыры отырған еді, себебі ер адам ішімдік ішетінін біліп, той алдында көлікті айдап қайтуды өтінген.
Бірақ қайтар жолда мас ер адам көлікті өзім жүргіземін деп айғайға басады. Әйелімен де, бауырымен де жанжалдасып, көліктегілердің бәрін сыртқа қуып шығады.
Әйел қызымен бірге ауылға қара жаяу жүре береді, олар асфальт жолдан шығып, жан жолмен кетіп бара жатқан. Сотталушының бауыры олардан бірнеше метр озып кетеді, тағы бір жолаушы әйел – сол ауылдың тұрғыны, керісінше, артта қалып қойыпты. Рөлге мінген мас отағасы санаулы минуттарда әйелі мен қызын қағып кетеді.
Сотталушының айтуынша, рөлге қалай отырғанын білмейді екен, соққыдан соң ғана есін жиған. Атып шығып қараса, қызы жолаушы әйелдің қолында, әйелі көліктің арт жағында алты метрдей жерде жатыр. Әйел сол жерде жан тапсырса, ауруханаға жеткізілген жеті жасар қыз бірден комаға түскен. Миына қатты зақым келіп, өздігінен тыныс ала алмаған көрінеді. Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалу үшін консилиум шақырыпты, бірақ жарақаты тым ауыр болғандықтан, бүлдіршін қыз бір тәулікке жетпей көз жұмады.
Отағасы кінәсін толығымен мойындады. Сот оны 345-баптың 4-бөлімі бойынша айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ көлік айдауға тыйым салды.