Блок-бекеттен кедергісіз өтіп кеткен «дөкейлердің» кесірі шендінің лауазымынан кетуге себеп болды. Алматының Криминалдық полиция басқармасының басшысы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы еліміздің Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 17 сәуірде қалада бірнеше қымбат көлік блок-бекеттен еш кедергісіз өткен видеосы желіге тараған еді. Төтенше жағдай тәртібін бұзған бес адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, кортеждегі темір тұлпарлар айып тұрағына жеткізілген. Қазір аты шулы видеодағы екі адам іздестіріліп жатыр. Осы оқиғаға байланысты қаланың Криминалдық полиция басқармасының басшысы Зиадин мен патрульдік полиция полк командирінің орынбасары Қуанышбаев қызметінен босатылды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 21 сәуірде өткен видеоконференцияда осы жағдайға қатысты: «Азаматтарды қауіпсіздік пен құқықтық тәртіппен қамтамасыз ету ішкі істер органдарының негізгі міндеті болып қала береді. Төтенше жағдай режимі мен карантин кезінде ереже бұзуға жол берілмейді, әсіресе жеке құрамдағы қызметкерлерге. Мұны қатардағы қызметкерлер мен олардың басшылары есте сақтау керек», – деген болатын.