|
26.05.2020 | 18:48
3555

Алматыда өртке оранған жиһаз шеберханасы мен қойма түгелдей жанып кетті

Өрттен қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ

Алматыда өртке оранған жиһаз шеберханасы мен қойма түгелдей жанып кетті yandex.kz

Бүгін таңертең Алматыдағы кәсіпорындардың бірінде өрт тұтанып, жиһаз шеберханасы мен қойма түгелдей жанып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім болмаған. Ал, мыңға жуық шаршы метрді шарпыған жалынды төтеншеліктер 40 минутта өшірген. Тілсіз жаудың тұрғын үйлерге кесірі тиді ме? Шығын мөлшері қандай?

Әділет Әспетов қатты жарылысты естіп далаға жүгіріп шықтым дейді. Лаулап жатқан жалынды көре сала өрт сөндіру қызметіне хабарласқан. Жеті минутта жеткен төтеншеліктер тілсіз жауды 40 минутта бірақ өшіріпті.

«Жолдан келіп, көмек бердік. Жас балалар жүгіріп жүрді. Көп адамдар қандай көмек керек деп, жүгіріп келіп, өрт сөндірушілерге  көмектесті», – деді куәгер Әділет ӘСПЕТОВ.

Таңғы сағат бес жарым шамасында тұтанған тілсіз жау Әуезов ауданындағы кәсіпорындардың бірінде болған. Қатты тұтанған оттан жиһаз жасайтын шеберхана мен қоймадағы заттар түгел жанып кеткен.

«Тез арада жеткен өрт сөндіру мамандары оқиға орнынан ақпарат берді.  Өртке оранған шеберхананың және оның аумағында орналасқан ағаштың кесінділері, сондай-ақ жүк тасымалдайтын автокөлік өртке оранған», – деді қалалық ТЖД ресми өкілі Гүлдана НҰРЫМБЕТОВА.

Қойманың жылдам отқа оранғанын мамандар ағаш бөлшектерінің көп болғанынан дейді. Жалпы аумағы 970 метрді шарпыған жалында ешкім зардап шекпеген. Ал, кәсіпорын маңындағы жеке тұрғын үй секторына жетпеген. Айта кетейік, өртті сөндіруге  19 техника мен 65 адам жұмылдырылған. Дегенмен тікұшақтар да дайындалыпты. Алдын-ала болжам бойынша, өрттің шығуына электр сымының тұйықталуы себеп.

Елдана Қадырова, Валерий Таубалдиев, Мейрам Исабеков, "Алматы" арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир