Павлодар облысында түрмеден қашқан сотталушы Нұр-Сұлтаннан ұсталды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Жауап алу кезінде сотталушы кінәсін мойындап, елордаға отбасына барғанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордаға өзінің азаматтық некедегі әйелі мен қызына қашып келген 38 жастағы ер адам Павлодардың тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қаласында Шідерті кентіндегі қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде АП-162/10 колониясында жазасын өтеуден жалтарған 38 жастағы сотталушы ұсталды. Сотталған азамат 2019 жылдың тамыз айында мекеме аумағынан кетіп, кешке колонияға оралмаған», – деп хабарлады Павлодар облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі. 

Ведомство бұл мекемеде сотталғандардың колония аумағында жұмыс істеуге құқығы бар екенін еске салды. Қашып кеткен азамат алаяқтық үшін жазасын өтеп жатқан. Ол сотталғанға дейін елордада тұрған. Осы колонияға ауыстырылғанға дейін Павлодардың орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан болатын. 2019 жылдың сәуірінде сот оның мекемені ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырған. 

«ҚАЖ жедел қызметкерлері сотталушының орналасқан жерін анықтау бойынша жұмысты Екібастұз қаласы полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізді. Бір жылдан астам уақыт бойы біз ұсталған азаматты таба алмаған едік. Қазір ол Павлодар қаласының тергеу изоляторында қамауда. Біз оны орташа қауіпсіздік мекемесіне қайтару үшін сотқа материал жібереміз», – деді АП-162/10 мекемесінің басшысы. 

Жауап алу кезінде сотталушы кінәсін мойындап, Нұр-Сұлтан қаласына отбасына барғанын айтты. Елордада оның азаматтық некедегі жұбайы мен қызы тұрады. Ер адам жасырынып жүрген уақытта әртүрлі мекенжайларда тұрған, түрлі жұмыс істеп күн көрген. Екібастұз қаласының маңындағы Шідерті кентінің қауіпсіздігі барынша төмен АП-162/10 мекемесінде 62 сотталушы жазасын өтеп жатыр.

Новости партнеров