Үш күнде Талдықорғанда көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою ережелерін сақтамаған жүргізушілер анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Соңғы үш күнде Алматы облысының орталығында патрульдік қызмет ротасының көмегімен көлік құралдарын талапқа сай жол бойына қоймаған және темір тұлпарының тұрағын дұрыс анықтамаған жүргізушілерді әшкерелеу бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта “Аялдауға тыйым салынады” және “тұруға тыйым салынады” белгі қойылған орындарда тұрақтайтын жүргізушілер анықтау үшін он шақты полиция экипаждары бөлінді.
«Кейбір жүргізушілер көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіреді. Бұл, көбінесе, үлкен жол апаттарына себеп болады. Бүгінгі шара жүргізушілердің жүргізуші тәртібі мен жол үстіндегі мәдениетін жақсартуға жақсы әсер ететініне сенімдімін. Бірақ, ең бастысы, акцияның қорытындысы апатты автокөлік тұрақтарын жоюға ықпал етеді. Сонымен қатар, жергілікті рейдтерді өткізуде біз осы мәселеге бейжай қарамайтын азаматтардың жол жағдайы қиын жерлер туралы хабарламаларын басшылыққа алатынымызды атап өткім келеді. Қаламыздың тағдырына жауапкершілікпен қарайтын осындай белсенді азаматтарға алғысымызды білдіремін», – деп атап өтті Талдықорған қалалық ПБ патрульдік қызмет ротасының командирі Олжас Отаров.
Мақсатты жұмыс шеңберінде жол жүру ережелерін өрескел бұзудың басқа да деректері тіркелді. Үш күннің ішінде тәртіп сақшылары 281 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде: тоқтау және аялдау ережелерін бұзғаны үшін 42; белгілер мен белгілеулер ережелерін бұзғаны үшін – 30; құжатсыз көлік құралдарын басқарғаны үшін – 13; қиылыстардан өту ережелерін бұзғаны үшін – 15; жарық беру құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін – 11; маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін – бес; сақтандырусыз – екі; көлік басқару кезінде телефонды пайдаланғаны үшін – төрт; қауіпсіздік белдігін пайдаланбағаны үшін – 22 әкімшілік хаттама рәсімделді.
«Екі жүргізуші масаң күйде көлік жүргізгені үшін ұсталды, бесеуі мемлекеттік нөмірсіз көлік жүргізгені үшін жазаланды және үш азаматқа көлігін техникалық байқаудан өткізбегені үшін әкімшілік айыппұл салынды. Жұмыс барысында 15 автокөлік арнайы айып тұрағына қамалды. Көшеде жол ережесін сақтамаған жаяу жүргіншілер де назардан тыс қалған жоқ. 44 адам жол жүру ережесін сақтамағаны үшін әкімшілік айыппұлдар салынды», – деп қорытындылады Олжас Отаров.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері барлық азаматтарды жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырады.