Астана қаласындағы Көктал ауданында жеті күн бұрын бір үйдің бес қызы қайтыс болған еді. Ал күні кеше қайғыдан қан жамылған отбасының көршілерді де отқа оранып, көпбалалы жанұя тұрған үй толығымен жанып кеткен, деп хабарлайды NUR.KZ.
Өрт шыққан кезде отбасы мүшелері сыртқа шығып үлгереді. Олар тұрақтаған үйдің тек күлі қалыпты. Оны қайта қалпына келтіруге жарамай қалған.
«Өрт сөндірушілер түнгі сағат 01:00-дер шамасында қызыл жалынды ауыздықтады. Ал үйдің тек төрт қабырғасы қалды. Шатыры жоқ. Мен балаларыммен далада қалдым. Баратын жерім де жоқ. Шарасыздықтан не істерімді білмедім. Солай есімнен танып қалып, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болдық», - дейді көпбалалы ана Венера Нұрқасымова.
Венераны көршілері аяп, өз «времянкасына» уақытша кіргізген.
Нұрқасымова балаларымен және аман қалған азғантай киімдерімен сол жерге орналасқан. Қыс бойы адам тұрмаған «времянканы» жылытуға да біршама уақыт кетіпті.
«Үйді қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Қазір мына уақытша баспанадамыз. Бұл жердің де пеші ескі», - дейді Венера.
Айта кетейік, отбасының үлкені - 14 жаста. Одан кейінгі балалар 9, 7 және 5 жаста екен. Өртке дейін үйде балалар жалғыз қалып, әкесі мен анасы жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Венера «Қазпочтада» оператор болып жұмыс істейді. Көпбалалы ана қазір жұмысын уақытша тоқтатып, балаларының жанында болмақ.
Нұрқасымовтар отбасы 2012 жылы Астанаға Шымкенттен көшіп келген екен.
Қазіргі уақытта олар күйеуінің 75 мың айлығына қарап отыр. Әзірге оларда жаңа үй алатын немесе ескінің орнына үйдің құрылысын бастайтын шамалары жоқ.
Өрттен кейін Венераны Сарыарқа ауданының әкімдігі шақырып, азық-түлік берген. Алайда үй мәселесіне қатысты уәде бере алмаған.
«Қайырымды жандар тамақ пен киім әкеліп беріп жатыр. Оларға үлкен рахмет. Алайда менің қазіргі мәселем - үй. Бізге қазір қауіпсіз баспана керек», - дейді ана.
Еске сала кетсек, бұған дейін күлі елдің қабырғасын қайыстырған оқиға 4 ақпан күні түнде Астананың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында болған еді.
Көпбалалы отбасы тұрған «времянкадан» өрт шығып, салдарынан 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген бес бала көз жұмған еді.
Марқұм қыз балаларды қалың ел 5-ші қаңтарда ақтық сапарға шығарып салды.