Солтүстік Қазақстан облысында жолда қалған 110 адам құтқарылды

zhaikpress.kz
zhaikpress.kz
Құтқару операциясы М. Жұмабаев ауданы Малогвардейское елді мекенінде де жүргізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте жолда қалған 110 адам құтқарылып, қар құрсауында қалған 39 техника шығыарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО-да бір аптадан бері боран соғып тұр. Сол себепті облыстың автожолдарында жағдай күрделі. СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, таңғы сағат 8.00-де СҚО-да республикалық маңызы бар 8 жол учаскесі ашылды. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар 5 және барлық облыстық маңызы бар жолдар жабық. СҚО ТЖД басқармасының бастығы Рүстем Жұмағалиевтің айтуынша, өткен тәулікте 110 адам құтқарылды. Жергілікті атқарушы билік, жол қызметтері, полицияның және ТЖД бірлескен іс-қимылы арқасында қар құрсауында қалған 39 техника шығарылды. Екі ауданның Келлеровка және Покровка елді мекендерінде жылыту пункттері жұмыс істеді. 

«Ауа райы өте қолайсыз болды. Қол созым жер көрінбеді. Жолды ашуға шыққан техниканың соңынан қар алып қалып жатты. Сол себепті құтқару операцияларына арнайы «ТРЭКОЛ» көліктерін пайдаландық. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимкадан осылайша ауыр сырқат Шал ақын ауданындағы Сергеевка орталық ауруханасына жеткізілді», дейді Рүстем Жұмағалиев. 

Құтқару операциясы М. Жұмабаев ауданы Малогвардейское елді мекенінде де жүргізілді. Құтқарушылар дәрігерлерге аяқтарын үсік шалған 1958 жылы туған ер адамды және қан қысымы жоғарылаған әйелді орталық ауруханаға әкелуге көмектесті. Жалпы патрульдеуге, жолды тазалауға және құтқару операцияларына барлығы 249 қызметкер және 204 техника жұмылдырылды. Бұған дейін боран салдарынан «Петропавл-Жезқазған» автожолында бірнеше көліктің соқтығысып қалғанын хабарлаған болатынбыз.

Новости партнеров