Алматы полициясының қызметкерлері ірі ұрлықтың бетін ашты. Тәртіп сақшылары 250 мың АҚШ доллары бар сейфті ұрлады деген күдікпен Алматы облысының 34 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы полициясының баспасөз қызметі 1989 жылғы азаматтың бөтеннің жеке үйіне басып кіріп, ірі көлемдегі ақшасы бар сейфті алып шыққанын нақтылады.
-Ұрлық болған кезде үйдің иесі болмаған. Бірнеше күн бұрын демалысқа кеткен. Отағасының айтуынша, ол - жеке кәсіпкер. 250 мың долларды үйіндегі сейфте сақтаған, -дейді Медеу аудандық полиция бөлімінің бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Күдікті қамауға алынып, кінәсін мойындады.
-Сотталушының тұрғылықты жеріне тінту жүргізілді. Ол ұрланған ақшаны көңнің арасына тығып қойған. Айғақты заттар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді, - деді Ілияс Өмірсеріков.
ҚР Қылмыстық кодектің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жарияланбайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес әр адам өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасағандағы кінәсі жойылмайынша кінәсіз деп танылады.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездеседі