Авиабилеті қайтарып жатқандардың саны 30 есеге өскен

Almaty.tv
Almaty.tv
Коронавирусқа байланысты 1000 рейс тоқтатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында әуе рейстері 22 наурыз күні тоқтатылады. Ал, 22 наурызға дейін тұтынушылар карантинге жабылған екі қаладан үйлеріне қайтуларына немесе қалаға кірулеріне мүмкіндік бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ, елдегі соңғы жағдайға байланысты шет елдерге қатынайтын әуе рейстерінің де біразы тоқтатылуда. Ал, қарапайым халық ұшақтарға алып қойған билеттерін жаппай әуе компаниялары мен агенттіктерге қайтаруға немесе басқа күнге ауыстыруға өтінім білдіруде. Дүрбелең орын алған бұл жағдайда авиа агенттіктері тұтынушыларға билеттерді қайтару және түсіндіру жұмыстарын жасауда.

«Коронавирусқа байланысты 1000 рейс тоқтатылды. Мәселен, Ливганс 23000 рейсті, Украин әуе компаниясы 2000 рейсті тоқтатқан. Сәйкесінше, біздің жергілікті авиакомпаниялар да рейстерді тоқтатуда. Осыған байланысты барлық тұтынушылар билеттерді өткізіп, ақшаларын қайтаруды сұрауда. Қазір билеттерді қайтарып жатқандардың саны 30 есеге өсті. Егер жай кезде күніне бізде отызға жуық өтінім түсетін болса, қазір он мыңға жуық өтінім түсуде. Дегенмен рейстер 22 наурызға дейін жүзеге асырылады. Тұтынушылардың көбісі бұл туралы біле бермейді»,  – деді  билет сату компаниясының директоры Николай МАЗЕНЦЕВ.

Сондай-ақ, агенттіктер қызметтерін онлайн режимде де жалғастыруда. Олардың айтуынша, белгілі бір бағытта ұшатын әуе рейсі тоқтатылды деген хабарламадан соң тұтынушы билетті қайтарып, қаражатын алуға өтінім білдірсе, ақшасы белгілі уақыт ішінде толығымен қайтарылады екен. Ал, егер, рейс тоқтатылғаны жөнінде ешқандай хабарлама болмай тұрып, тұтынушы билетті қайтаруға өтінім жасаса, онда айыппұл құны есептеліп, қайтарылады. Ең тиімдісі, билетті өткізуге өтінімді ұшу күніне 2 күн қалған рейсті тоқтатқан жағдайда ғана жасаған дұрыс дейді агенттік өкілдері.  

«Қазір біз онлайн-қызмет көрсетудеміз. Тұтынушылар барлық ақпаратты қашықтан веб-сайт немесе мобильді қосымша арқылы ала алады. Ал, ақшаны қайтару төлем әдісіне сәйкес жүзеге асырылады. Егер клиент картамен төлесе, ақша оған картаға түседі. Егер рейс тоқтатылса, кейбір авиакомпаниялар ваучер әдісімен билетті басқа күнге ауыстырып береді немесе басқа билет алуда жеңілдік жасайды. Сондықтан, біз барлығына ұшу күніне жақынырақ, мүмкіндігінше екі-үш күн бұрын, рейс тоқтатылған жағдайда өтінім жасауға кеңес беремін», – деді билет сату компаниясының директоры Николай МАЗЕНЦЕВ.

Новости партнеров