Петропавлда сауда үйі өртеніп, 250 адам эвакуацияланды

Фото: СҚО ТЖД
Фото: СҚО ТЖД
Мамандардың айтуынша, қаза тапқандар, зардап шеккендер жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлдағы «Магнум» супермаркеті орналасқан ғимаратта өрт шығып, 250 адамды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 10:44-те 101 нөміріне Петропавлдағы С. Мұқанов, 53 мекенжайында орналасқан сауда орталығында өрт шыққаны туралы хабар түскен. Телефон соққан адам бірінші қабаттағы бутиктердің бірінің жанып жатқанын айтқан.

«Бұл сауда үйі халық көп баратын нысан болғандықтан, оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жоғары дәрежелі шақырту бойынша аттанды. Алғашқы өрт сөндіру машиналары 3 минуттың ішінде жетті. Сағат 11.28 минут кеткенде жалын ауыздықталып, жарты сағаттан кейін толық сөндірілді. Өрт шалған аумақ 30 шаршы метр шамасында», – делінген департаменттің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ғимараттан 250 адамды эвакуациялауға тура келді. Мамандардың айтуынша, қаза тапқандар, зардап шеккендер жоқ.

Әзірге өрттің неден шыққаны, сондай-ақ келген шығын мөлшері де белгісіз.

Новости партнеров