Бүгіннен бастап Қазақстанның бірнеше елдімекенінде тәртіпті күшейту шаралары енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv
Түнгі 00.00-ден бастап Тараз қаласы карантинге жабылып, кіріп-шығуға қатаң тыйым салынады. Ал қоғамдық көлік таңғы жетіден кешкі сегіз аралығында ғана қатынайды. Халықтың жаппай жиналатын орындарға баруына да шектеу қойылады. Дәл осындай шаралар бүгін 21.00-ден бастап Ақтөбе қаласында да басталады. Қалада жеке көлікпен жүруге тыйым салынады. Сондай-ақ, осындай шектеулер Жамбыл облысы Қордай ауданы аумағына да қатысты. Бұның барлығы коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін қолға алынған. Сонымен қатар, Қарағанды облысындағы шектеу шаралары барынша күшейтіледі. Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қаласы және Доскей, Үштөбе, Ботақара, Ғабиден Мұстафин, Петровка ауылы ерекше бақылауға алынады. Тұрғындарға тек жұмысқа, сондай-ақ дәріхана мен дүкендерге ғана шығуға рұқсат беріледі.