Алматы облысында спорттық велосипед ұрысы бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Соның көмегімен тәртіп сақшылары ұрыны әшкереледі. Қарасай аудандық полициясының кезекші бөліміне Іргелі ауылдық округінің 42 жастағы тұрғыны күндізгі сағат 12.00 шамасында көпқабатты үйінің кіреберісінде қалдырылған құны 200 мың теңгеге жуық спорттық велосипедінің ұрланғаны туралы арызданған.
Аталған дерек ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді. Іздеуді тұрғын үй кешенінің учаскелік инспекторлары жүзеге асырды. Сыртқы бейнебақылау камераларының және ауданның белсенді тұрғындарының көмегімен учаскелік инспекторлар күдікті Долан кентінің 24 жастағы тұрғынын тапты. Ұсталған адам велосипедті бейтаныс адамдарға 12 000 теңгеге сатып, ал тапқан ақшасын өз қажеттіне жұмсап үлгерген. Күдіктінің туыстары зардап шеккен әйелге келтірілген материалдық шығынның орнын толық толтырды.
Жәбірленуші полиция қызметкерлеріне жедел қызметі үшін алғысын білдірді, себебі тәртіп сақшылары үш сағат ішінде күдіктіні ұстаған.
Полиция қызметкерлері, тұрғындардан велосипедтерін, балалар арбасын, қымбат ойыншықтары мен басқа да мүліктерін кіреберісте қалдырмауларын сұрайды.