Алматыда құрылыс нысандарының бірінде жұмысшы биіктен құлап көз жұмды. Қайғылы жағдай Самал-3 ықшамауданында болған. Құрылысшы жедел-жәрдем келгенше тіл тартпай кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қайғылы жағдай болған құрылыс нысаны Самал-3 ықшамауданында орналасқан 20 қабатты тұрғын үй кешені. Биіктікте жұмыс істеген құрылысшы қауіпсіздік белдігін тақпаған көрінеді. Оны қалалық Полиция департаментінің мамандары тексеру кезінде анықтаған.
Жазатайым жағдай кезінде мерт болған жігіттің жасы 25-те. Ол жұмыс істеп жүрген кезінде 9-ыншы қабаттан құлаған. Ол жедел-жәрдем қызметі келемін дегенше оқиға орнында көз жұмған. Марқұмның әріптестері жоғары қабатқа шыққанда оның байқаусызда аяғы тайып кеткенін айтады.
«9-қабаттың ортасында, балконда темір қойып, оны қатырып жатқан кезде аяғы тайып құлап кетті», дейді куәгерлер.
Байқағанымыздай, құрылыс алаңында жұмыс қызу жүріп жатыр. Нысан әкімшілігі мен бригадир сұхбат беруден бас тартты. Тіпті тілшілерді ішке кіргізбей, есіктерін қымтап жауып алған. Ал қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясындағы мамандар жұмысшылардың қауіпсіздік ережелерін сақтауын тек шағым түскен жағдайда ғана тексеретінін айтады.
«Қайғылы жағдай Қылмыстық кодекстің 156-бабына сәйкес қаралатын болады. Қазір сараптама жұмыстары басталды. Оның нәтижесі ең көп дегенде, 22 жұмыс күні ішінде белгілі болады. Содан соң құжаттарды құқық қорғау органдарына жолдайтын боламыз», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мемлекеттік еңбек испекторы Әнуар Төлеуғали.
Аталған фактіге байланысты қалалық Полиция департаментіндегілер істің-мән жайын анықтау үшін тексеру жұмыстарының басталғанын мәлімдеді.
«Аталған фактіге байланысты тексеру жұмыстары басталды. Қажетті тергеу іс-әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша болған оқиғаға құқықтық баға берілетін болады», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Айта кетейік, жыл басынан бері мегаполисте 77 жазатайым оқиға тіркелген. Оның басым көпшілігі өндіріспен байланысты. 21 адам ауыр, ал 53-і жеңіл жарақат алыпты.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы