Түркістан облысының Жетісай қаласында болған жантүршігерлік жайт қазақстандықтардың жағасын ұстатты. Қыздарын қорлап келгені өгей шеше тұтқындалды. Алайда оның әкесі қызының мұндай қатігездікке баруы мүмкін еместігін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ басылымы.
Қария үш жыл бұрын қызын қазақы салт бойынша ұзатқан. Бір жылдан соң ол күйеуінің бірінші некесінен туылған үш қызды үйге әкеліп таныстырған екен. Қария сол кездің өзінде қыздардың денесінде тыртықтар мен жараның іздері болғанын айтып отыр. Бірақ оның мән-жайын сұрамапты.
«Алғаш келгенде ешкімге қосылып ойнамайтын үш қыз кейін келе ашылып, апта сайын демалыста келіп тұратын болды. «Ата біз үйге бармай-ақ осында қала салайықшы. Үйге анамыз келгенше біз ата-әжеміздің үйінде бөлек жүрдік. Үй шаруасын бәріміз бірге емес, тек біздер істейміз», - деген сөзінен секем алып қалып едім. Бірақ ақыр соңы мұндай болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті», - дейді күдіктінің әкесі.
Қария қызының да кінәсі барын айтып, оның өгей қыздарына ұрысқанын растады. Алайда кемпірауызбен тілін қысып, тырнағының астына ине тығатындай жауыз емес қой деп сене алмауда.
«Күйеу бала үнемі тыста жүрген соң, үйдегі ер азаматтың жұмыстарын әйел істемегенде кім істейді? Күйген шамды да, үзілген тоқты да қызым өзі ауыстырып, сынған жиһаздарға дейін жөндей беретін. Құдалар осының бәрін білетін. Енді бұл дүниелерді басқа мақсатта пайдаланып жатыр», - дейді қария.
Ол осы оқиғадан кейін ауруханаға барып, қыздардың жағдайын білген. Сол кезде қыздар жүгіріп келіп, ол кісіні құшақтап алыпты. Алайда қария мән-жайды сұрағанда, олар ештеңе айтпаған. Сол кезде ауруханада құдағиы мен үлкен келіні де болыпты.«Қызыңа шығарған шығынымды, той жасауға кеткен ақшаны толық қайтарасың. Бұл үшеуі мен нені айт десем соны айтады, не істе десем, соны істейді», - деді.
Сонымен қатар күдіктінің әкесі БАҚ өкілдеріне ренішін жеткізді. Айтуынша, олар оқиғаға тек біржақты қараған.
«Егер менің қызым олар айтқан қатігездіктің бәрін жасап, дәлелін тауып жатса, тиісті жазасын алсын. Кінәсіз болса, үйде екі жасар баласы бар, қала берді өзінің аяғы ауыр, босқа қинамай, босатсын», - дейді күдіктінің әкесі.