Астанада ГАЗель көлігі өртеніп кетті

elements.envato.com
elements.envato.com

Оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер аттанды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада ГАЗель көлігі өртеніп, жүргізушінің денесін күйік шалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгін сағат 08:06-да өрт сөндіру қызметіне ГАЗель жанып жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер аттанды.

Өрт сағат 08:22-де сөндірілді.

"Оқиға орнында жедел жәрдем бригадасы 1990 жылғы жүргізушіге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жүргізушінің бетін, екі қолы мен екі табанын 1-2 дәрежелі термиялық күйік шалған. Қазір ол ауруханада жатыр", – деп мәлімдеді құтқарушылар.

Өртті сөндіруге Астана қаласы ТЖ департаментінің 6 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.

Елорданың ТЖД-нің мәліметінше, жыл басынан бері қалада көлік өрті жиілеген. Өртке көбіне электр сымдарындағы ақау, газ баллонды жабдықтың дұрыс орнатылмауы, сондай-ақ техникалық тексерістің дұрыс жүргізілмеуі себеп болады.

Осыған байланысты ТЖ департаменті автокөлікте өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.

Егер жүріп бара жатқан көліктен өрт шықса, мына әрекеттерді орындау керек:

дереу тоқтап, жолаушыларды салоннан эвакуациялаңыз;

101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз, сондай-ақ жақын маңдағы адамдардан көмек сұраңыз;

қозғалтқышты сөндіріп, капотты ысырмалардан босатыңыз, аккумуляторды ажыратыңыз және өрт сөндіргішті қолданыңыз. Тез тұтанатын сұйықтық пен электр жабдықтарын сөндіруге арналған кемінде бір литр өрт сөндіргішті өзіңізбен бірге алып жүру ұсынылады. Өрт сөндіргіштің көлемі неғұрлым үлкен болса, өрттің алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады;

қозғалтқыштағы өртті өшіру үшін су қолданбаңыз, ол электр сымдарының қысқа тұйықталуына және өрттің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін;

егер өрт сұйық отын орналасқан көліктің артқы жағына таралса, дереу көліктен алыстаңыз;

егер автокөлік тұрақта өртеніп кетсе, оны сыртқа итеріп сөндіріңіз;

егер сіз сол сәтте маймен немесе бензинмен жұмыс істеген болсаңыз, өртті сөндіруге тырыспаңыз, өзіңіз зардап шегуіңіз мүмкін.

Новости партнеров