Елорда тұрғыны түнгі уақытта такси жүргізушісі 72 мың теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткенін айтып, полицияға хабарласқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері жәбірленушінің көшеде такси тоқтатқанын анықтады. Бағасын келіскен соң әйел адам көлікке отырған және аталған мекенжайға бет алған. Біраз уақыттан кейін такси жүргізушісі бағытын өзгертіп, бейтаныс аулаға барып тоқтаған. Қорқып кеткен әйел көліктен қашып шыққан, алайда жүргізуші оның телефонын тартып алып, қашып кеткен. Полиция қызметкерлері аталмыш жүргізушіні тауып, ол кінәсін толығымен мойындады.
Елорданың 35 жастағы тұрғыны бұған дейін кісі тонағаны үшін сотталған. Ол ұрланған телефонды сатып үлгерген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп, елорда аумағында осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері телефонды алып, иесіне қайтарды. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті тексерілген таксопарктерді қолдануға ұсынады.