Түркістан облысында бірнеше елдімекенді су басты

Түркістан облысында бірнеше елдімекенді су басты
Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, апат 13 мамыр 16:30 шамасында орын алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысын тағы да су басты. Төле би ауданына қарасты Екпінді ауылында қатты жауған нөсердің салдарынан Қасқасу өзені арнасынан асып, ауыл арасындағы 4 көпір, 4 тұрғын үй мен 15 үй ауласын шайып, біраз мал суға кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, апат 13 мамыр 16:30 шамасында орын алған. Оқиға орынына 82 жеке құрам, 11 мотопомпа және 8 техника бірлігі жұмылдырылыпты. Қазір жергілікті аумақта жедел штаб құрылған.

Тасыған су кеше кешкі сағат 19:15 шамасында Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты Елтай шағынауданына да жеткен. Салдарынан арық жүйелері істен шығып, 60 тұрғын үй ауласын су басып қалды. Тағы 3 шаруашылық нысан қираған. Бұл туралы Шымкент қаласының Төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Мадияр Жақсыбаев мәлімдеді. Оның сөзінше су Түркістан облысы Төле би ауданынан келген. Үйлердің аулаларындағы су деңгейі 20-50 сантиметрге жеткен. Жалпы, мұнда 7 мың текше метр су шығарылыпты. Шұғыл түрде эвакуациялық орындар мен қоғамдық көліктер ұйымдастырылып су басқан 60 үйдің адамдары көшірілген. 150 адам ауыл маңындағы мектептерге орналастырылса, тағы 150 адам өздерінің туыстарының үйін паналаған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Сондай-ақ бүгін түнгі сағат 01:14-те Бадам өзені тасыған. Қауіп төнген тұрғын үйлердің 31 тұрғыны эвакуацияланды.

«Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің 57 қызметкері, 14 техника мен 14 мотопомпа жұмылдырылды. Жеке құрам күштері суды шығару жұмыстарын жүргізіп, қауіп төнген адамдардың барлығы эвакуацияланды. Адам шығыны жоқ», – деді қалалық ТЖД басшысының орынбасары Мадияр ЖАҚСЫБАЕВ.

Новости партнеров