Сот Ақтөбеде 3 адамның өліміне себеп болған жол апатына қатысты іске нүкте қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл іске оқушыларды аудандық олимпиадаға жеткізгісі келген мұғалім кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімге сәйкес сотталушы Жандос Шамшадин жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түрмеде өтейді.
Айта кетсек, сотталған мұғалім жол апатына ұшыраған көлікті басқарған.
– Жәбірленуші ата-аналардан кешірім сұраймын, құрметті сот мырза, сізден де кешірім сұраймын. Осы іс Алла берген сынақты жүрегіме таңба қылып салып берді. Сіздің жазаңызды тыңдауға дайынмын, – деді сотталушы Жандос Шамшадин.
Судья сондай-ақ қызметтік жауапсыздық танытқан Ырғыз аудандық полиция бөлімі мен Темірастау мектебінің жауапты қызметкерлеріне қатысты шара қолдану жөнінде қаулы шығарды. Оған Ақтөбе облысының полиция бастығы мен Білім басқармасының басшысы жауап беруі тиіс.
Еске салсақ, бірнеше адамның өліміне әкелген жол апаты былтыр желтоқсанда болды. Оқиғада 2 оқушы мен 1 мұғалім көз жұмды.
– Жандос Шамшадин Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге көлік басқару құқғынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ж. Шамшадинге жаза өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі тағайындалсын, – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Бақтығалиев.
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында шахтада кенші қаза тапты