1939 жылы туған азаматша кеше жансақтау бөліміне жеткізілген болатын. Ал, апат орын алған кезде 10 жастағы бала жедел жәрдем келгенше ауыр жарақат салдарынан опат болған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Тұрғындардың айтуынша, бастапқыда көрші тұрған барлық көпқабатты үйлерде газдың иісі шығып, қысымының өзгерісі қатты байқалған. Жарылыс нәтижиесінде көрші үйлердің де терезелері сынып, аулада тұрған көліктерге зақым келтірген. Енді жапа шеккен халық, кінәлілер барлық шығынды өтесін деп отыр.
«Кішкентай бала да бар, ағаш та, терезе де, есіктер де ұшты. Балкондағы ұшқанның бәрі адамдардың үстіне беттеген. Қанша адам ауруханаға кетті. Қаншама шифердің, әйнектердің сынық ұшқындары бізге ұшты. Не жедел жәрдем не өрт сөндіру келген жоқ. Әбден бәрі біткен соң ғана келді. Терезелер кетті. Қанша машиналар кетті. Соның бәрін бізге газ шаруашылығы жасап берсін», - деді үй тұрғыны Әнел СЫДЫҚОВА.
«Қатты жарылыс болды. Тез-тез киініп шықтым да, жүгіріп отырып, келдім мұнда. Келсем, адамдар жүгіріп шығып жатыр екен мұнда. Полиция қызметкерлері, ТЖ қызметкерлері жүгіріп кіріп жатыр екен. Соңдарынан бірге жүгіріп кірдім. 9-10 және 12 жастағы кішкентай балалар болды. Өте қиын болды. Көтеріп алып шықты. Естерін білмейді, талып қалған. Ауруханаға алып кетті ғой енді. Тірі қалатын шығар», - деді куәгер Қуаныш БАЛАБАЕВ.
Тұрғындар, бастапқыда көрші тұрған барлық көпқабатты үйлерде газдың иісі шығып, қысымының өзгерісін байқапты. Апатқа де осы қысымның жоғарлап кетуі себеп болуы мүмкін дейді олар. Тіпті, үйлерінде газ плитасын қосқан уақытта оттың бірден лаулап жанып, газды өшіріп-қосатын түймелердің атылуы - елдің зәресін алған. Ал, кейбіреулер оқыс оқиға болмай тұрып сол маңда газ мамандары мен өрт сөндірушілердің жүргенін көрген.
«Өрт сөндіру көлігі сонадайда тұрған. Сонда олар қай жақтан жарылады деп күткен бе? Олай етуге болмайды ғой?!. Соның кесірінен жазықсыз бала өлді», - деді Әнел СЫДЫҚОВА.
«Асүйде газ бір 10 минуттай қатты жанып тұрды. Содан әйтеуір өшірді. Кейін балалардың барлығын киіндіріп, далаға шығаратын кезде болды ғой жарылыс. Біз ол кезде баспалдақтан төмен түсіп келе жатқанбыз. Жарылыс екпіні біз жаққа дейін жетіп, жарықшақтары басымызға тиді», - дейді Ару ИМАНАЛИЕВА.
Айта кету керек, бүгінде жарылыстан зардап шеккен 6 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Арасында кәмелеттік жасқа жетпеген 3 бала да бар. Олардың жағдайы бірқалыпты деп бағалануда. Ал, аудандық әкімшілік өкілдерінің айтуынша зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Тұрғындарға уақытша мекендейтін қонақ үй де дайындалған екен.
«Көпқабатты үйде болған жағдай бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен адамдардың жағдайы бір қалыпты. Ауруханадан шығатындар да бар. Оларға біз арнайы әкімшілік тарапынан қонақүйден орын дайындап қойдық. Алдағы уақытта үй пәтерлерін біз толық әкімшілік тарапынан толық жөндеуден өткіземіз. Ішінде зардап шеккен жиһаздары болсын, барлығын өтейтін боламыз», - деді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақдәулет ТАЛИПОВ.
Апат болған аумақта әлі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жарылыстың нақты себебі көп ұзамай белгілі болмақ.