Қырғызстанда екі бірдей науқас аурухана табалдырығында жан тәсілім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әлеуметтік желіге тарап кеткен видеода қорғаныс киімін киген медицина қызметкері көліктің ішінде адамды емдеп жатқанын көруге болады.
Артынша мекеме алдында тағы бір адамның құлағаны көрінеді. Дәрігерлердің сөзінше, екі адам да өте ауыр жағдайда жеткізілген. Оларды қабылдау бөлімінде қарап, кім екендерін де біліп үлгермеген. Екеуі де тіл тартпастан жан тапсырған.
Аталған елдің Денсаулық сақтау министрі Сабиржан Абдикаримов наурыз айынан бері 54 отандасының пневмониядан көз жұмғанын жеткізді. Жалпы көрші елде 5 мың 296 адам COVID-19 індетін жұқтырса, оның 2 мың 370-і жазылып шыққан. 57 науқас індеттің кесірінен бақилық болды.