Нұр-Сұлтанда полициядан көмек сұраған әйелді үйінің кіреберісінде өлтіріп кетті

Tengrinews.kz
Tengrinews.kz
27 сәуірде елорда тұрғыны полиция шақырып, жанжал шығарған күйеуін ұстатып жіберген. Артынан ол босап шығып, әйелді өлтіріп кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда әйелін аяусыз пышақтап өлтірген күдікті бірер күн бұрын отбасында жанжал шығарғаны үшін қамауға алынғаны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бірақ жұбайы «ымыраға келдік», «татуластық» деп, арызын кері қайтарып алған. Осылайша аяушылық танытқан оны әкімшілік сот өтуі тиіс күні қандықол күйеуі келіп, мерт қылған. 

Жақын досынан айырылған Галина Миллер қайғыдан қабырғасы қайысып, көз жасын жасыра алмады. Айтуынша, құрбысына сақ бол деп бірнеше рет  ескерттім дейді. Себебі бірге тұрмаса да, күйеуі үнемі келіп қорқытатынын білген. 

«Құрбым үйінен шығуға қорқатын. Ақша талап ететін. Өзі баласына көмектесудің орнына, керісінше одан бопсалайтын. Міне, арты осылай болды. Аяусыз өлтіріп тастады. Екі баласы қалды артында. Бүгін тергеу жүргізілді.  Өзін түк болмағандай ұстады. Жоспарлы өлтіру болды деп ойлаймын. Себебі күтіп алған», – деді қайтыс болған азаматтың құрбысы Галина МИЛЛЕР.

Қанды оқиға Тәуелсіздік даңғылы көшесіндегі, 14/2-үйде, дәл осы подъезде орын алған. Куәгерлердің сөзінше, оқиға қас қағым сәтте болыпты. Себебі көршісінің ауырсынған даусын естіген бетте бірден шыққан адамдар, тек келіншекті ғана көрген.  

«Біреудің ыңырсыған даусын естідім. Подъезге шықтым. Төртінші қабаттан көршіміз жатыр екен баспалдақта. Бесінші қабатта тұратын Аня тәте тұрды қасында. Бастапқыда пышақталғанын байқамадық. Тек қозғалған сәтте қанды көрдік. Дереу жедел жәрдем қызметін шақырдық. Олар 10 минутта жетті», – деді куәгер Виталий ПРИХОДЬКО.

Алайда бірнеше пышақ жарақатын алған келіншек ауруханада көз жұмды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты 99-бап адам өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғалған.     

Тәртіп сақшылары мен мерт болған азаматша жақындарының сөзінше, күдікті құрбанын дәп осы жерде торуылдаған. Пәтерден шыққан жарына ол тападай тал түсте бірнеше мәрте пышақ сұғыпты. Мұнда әлі де қанның іздері қалып отыр.  

Көз жұмған азаматшаның көршілері ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжал жиі болғанын айтады. Алайда олар заңды түрде ажыраспаса да биылғы қаңтардан бастап отағасы бөлек тұрып келген.  

«27 сәуір күні азаматша полицияға жүгінді. Учаскелік инспекторлармен жанжал шығарған ер адам ұсталды. Оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. 434-бап, ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік материал әзірленіп, сот болуы тиіс болатын. Бірақ кеше 11.30-да азаматша учаскеліп инспекторларға хабарласып, ымыраға келдік, ешқандай шағымым жоқ деп арызын қайтарды»,  – деді қалалық Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Госман ЖАКИН.

Күдікті мұндай қатыгез әрекетке қызғаныш итермелегенін айтыпты. Енді ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал карантин уақытында Нұр-Сұлтанда үйіндегі жұбайынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген азаматшалардан 100-ден астам арыз келіп түскен екен.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров