Алматыда түнгі рейд жұмыстары әлі де жалғасуда. Демалыс күндері тексеріс кезінде мүлде жұмыс істеуге тыйым салынған құмар ойынханалары мен караоке секілді кәсіпкерлік нысандардың жасырын қызмет көрсетіп келгені анықталды. Олардың қатарында түнгі 00.00-де есігі жабылуы керек болған мейрамханалар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алмалы ауданының тексеруші тобы Желтоқсан көшесі бойында есігі ашық тұрған ойынхананың үстінен түсті. Қалалық бас санитардың соңғы шыққан қаулысына сәйкес мұндай орталықтардың жұмысы түбегейлі тоқтатылған болатын. Кейін полиция мамандары ойын орталығының әкімгеріне хаттама толтырды.
«Материалды СЭС басқармасына жібереміз. Дүйсенбі күні айыппұл салынады. Осындай жұмыстар күнделікті жүргізіліп жатыр. Бізде күндіз 2 топ, түнде 2 топ жүреді. Сөйтіп бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Ғапур Бақтияр.
Ал, Бостандық ауданындағы бұл мейрамхана осыған дейін де бірнеше рет әшкереленген. Мониторигтік топтың кіре бергені сол еді келушілердің барлығы да сыртқа ұмтылып тұра қашты.
Қаладағы ең үлкен мейрамханалардың бірі сағат түнгі 12 ден асқанына қарамастан жұмысын тоқтатпаған. Дәл қазір мониторингтік топ өкілдері келушілерді сыртқа шығарып, тиісті шараларды жүргізіп жатыр.
Бұған дейінгі ескерту мен айыппұлға пысқырып та қарамаған мекеменің ісі енді сотқа жіберілетін болды.
«Қателеспесем, 5 рет карантиндік тәртіпті бұзды. Бүгін тағы да профилактика ретінде тексеруге келдік. Тағы да карантиндік тәртіпті бұзған. Басында күзетші, әкімшісі бізге есікті ашпады. Бірақ ішінде адамдар көп болғандықтан, өздері есікті ашты. Кейін мониторингтік топты шақырдық. Міне, бізде осындай жұмыстар бар. Әрі қарай жұмыстарды жалғастыра береміз», – деді Алматы қаласында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия мүшесі Рауан Есіркенов.
Бостандық ауданы мониторингілеу тобы мүлде жұмыс істеуге тыйым салынған кароке орталығын да анықтады. Келушілердің көп болғаны сондай бөлмелердің барлығы лық толы.
«Бостандық ауданындағы тексерістерді қалалық штабпен бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстың барлығы қала тұрғындары мен қонақтарының өз денсаулығы үшін. Алдағы уақытта да күн сайын күшейтілген түрде барлық нысандарды қатаң бақылауға аламыз», – деді Бостандық ауданы мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас маманы Досхан Рахметилдаев.
Айта кету керек, бүгінде карантин талаптарының қатаң сақталуына қатысты тексеріс жұмыстары күшейтілген. Ережеге бағынбаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылықтың 425-бабына сәйкес 670 мың теңге көлемінде айыппұл салады. Ал бірнеше рет ескерту алған нысандар қатаң жазаланбақ.
Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы