2013 жылы күрделі жөндеуден өткен белгілі болды
Қарағанды қаласының маңында жауынгерлік кезекшілікке дайындық бойынша жоспарлы ұшу кезінде Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің МиГ-31 ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Абырой болғанда ұшқыштар аман. Оларға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, Қарағанды қаласының ауруханасына жеткізілген. Қазіргі кезде ұшқыштарға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер біреуінің жағдайын қанағаттанарлық, екіншісінің жағдайы орташа деп бағалады. Ұшақ көкке көтерілгеннен кейін қозғалтқыштың бірінен өрт шыққан. Қонуға бұйрық алғаннан кейін әскери ұшқыштар ұшақты елдімекеннен алшақтау жазыққа қарай бағыттапты. Азаматтық тұрғындарға қауіп төнбейтініне көз жеткізгеннен кейін экипаж катапульттелген. Қорғаныс министрінің бұйрығымен авиациялық оқиғаны тексеру бойынша комиссия құрылды. Осы оқиғағадан кейін МИГ-31 ұшақтарының ұшуына шектеу қойылды. Құлаған ұшақ 1991 жылы пайдалануға берілгені, 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен белгілі болды.
«Біз кеше апат орын алған жерде болдық. Қазір жағдайдың себебін анықтағанша МИГ-31 ұшақтарының ұшуына шектеу қойылды. Апаттың нақты себебін білу шаралары мен тергеуге ұшақты құрастырған кәсіпорын өкілдері мен жөндеуден өткізгендер де тартылады. Ұшу аппаратында бұған дейін ақау болмады. Әр ұшу алдында ұшақтар мен экипаж мүшелері медициналық тексеруден, дайындықтан өтетінін айтқым келеді. Құлаған ұшақ 1991 жылы пайдалануға берілген. 29 жыл қызмет етті. 2013 жылы күрделі жөндеуден өтті. Келесі жылы пайдалану мерзімі аяқталатын еді», – деді ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан ОРМАНБЕТОВ.