Алматыда сот орындаушысы өз қызметін орындау барысында соққыға жығылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бостандық ауданындағы апатты деп танылған үйден тұрғындарды шығаруға келген сот орындаушылары қарсылыққа тап болды. Құжатта көрсетілгендей, ғимарат иесіне нысанды сүру туралы бұйрықты көрсетеді. Тосыннан келген сот орындаушыларының әрекеті ұнамаған қожайын сол жерде сот орындаушысы Әділ Ермековтың бүйрек тұсынан ұрып, жерге құлатқан.
Соққыға жығылған сот орындаушысы қазіргі уақытта өзінің дін аман екенін айтып, әлеуметтік желіде видео жариялады.
«Қазір менде бәрі дұрыс. Өз-өзіме келдім. Алаңдайтындай ештеңе жоқ. Соққы тыныс алу жолдарына тигендіктен, дем ала алмай қалдым. Қазір бәрі жақсы болды», – дейді сот орындаушысы Әділ Ермеков.
Ресми мәліметке сүйенсек, оқиға 4 қазанда болған. Бұл жайт видеоға түсіріліп, әлеуметтік желіде тез тарады. Өз міндетін орындау барысында соққы көрген қызметкер қылмыстық іс қозғау туралы арыз жазыпты. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, Алматыда осы жағдайға ұқсас оқиға 20 қыркүйек күні болған еді. Алатау ауданындағы борышкердің үйін тәркілеуге келген 5 адам ойламаған жерден көз жұмды. Оның екеуі тәртіп сақшысы болса, біреуі – сот орындаушысы.