Солтүстік Қазақстан облысында кепкен шөп өртеніп, 100 га аумақ жанып кетті. Екі күн бұрын Айыртау ауданы Имантау ауылынан 5 шақырым жерде шыққан от желдің әсерінен жақын маңдағы Қарауылтөбе орман шаруашылығына қарай ығысқан, деп хабарлайды Almaty.tv
Сөйтіп, ондағы қайың-қарағай жана бастапты. Төтеншеліктер жалынды тек 3 сағаттан соң сөндірген. Дала өртін ауыздықтауға тіпті тікұшақ та жұмылдырылған екен. Тілсіз жау 100 га жерді шарпыған. Абырой болғанда, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 32 орман және 10 дала өрті тіркеліпті.
«Өртті ауыздықтауға жеке құрамның 114 өрт сөндірушісімен қатар, аудандық шаруа қожалықтар, тұрғындар, 16 бірлік техника мен 1 тікұшақ жұмылдырылды. Көмекке «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парк қызметкерлері де келді. Уақтылы қабылданған шаралардың арқасында табиғи парктің орман алқаптарына қауіп төндіретін оттың одан әрі таралуына жол берілмеді. Өрттің нақты себебі анықталуда»,– деді СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.