Алматыда полиция қызметкері жол апатынан қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
18 сәуір күні жол-көлік оқиғасынан Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының 1992 жылы туған қызметкері опат болды.
«Ол жеке көлігімен түнгі ауысымнан кейін үйіне қайтып бара жатқан кезде әл-Фараби даңғылы бойымен жүріп өтіп, жерасты өткелінің қоршауына соғылған. Апат салдарынан полицей ауыр жарақат алды. Дәрігерлердің күші мен реанимациялық шараларына қарамастан, өкінішке қарай, ол жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды», - делінген хабарламада.
Жүргізушінің қанында алкоголь анықталмады. Апаттың мән-жайы қосымша тергеу барысында анықталатын болады.
Алматы Полиция департаменті басшылығы мен ұжымы қызметкердің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына көңіл айтады.