Балалар да бар: Алматы облысында тұрғындар жаппай уланып қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Астан жаппай уланғандардың бәрі Талғар ауданына қарасты ауруханада ем қабылдаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Талғар ауданында 17 адам астан уланған. Олардың ішінде балалар да бар. Тез тамақтанамыз деп, аяқасты ауруға ұшырағандардың қазіргі жағдайын Almaty.tv тілшісі біліп қайтқан еді.

      

Астан ауру тапқан 17 адам Талғар ауданына қарасты ауруханада ем қабылдаған. Олардың ішінде 6 бала бар. Уланғандардың ең кішісі 1,5 жаста екен. Жедел дайындалатын тағамнан тек ауыз тиіп ауырдым деген тұрғындар қазір түрлі деңгейде ем алып жатыр.

Оқиға 29 қаңтарда болған. Әрі 17 адам да дәл сол күні ауруханаға түсіп отыр. «Олардың жағдайы тұрақталғанымен, салдары әлі де толық кеткен жоқ» дейді мамандар.

«Бәрі осы жерден емін алып, үйлеріне жіберілді. Бізде шұғыл бригада науқастарды үйлерінде қарап, дәрі-дәрмектерін беріп тұрады. Әр вирутық аурудың өз кезеңі бар. Біреу 2-3 күнде жақсы болса, енді біріне 2 апта қажет болуы мүмкін», - деді «Талғар аудандық орталық ауруханасы» МКК бас директорының орынбасары Тимур Қуатов.

Ендіг уланған тұрғындар ас ішкен дәмханадан өтемақы талап етпекші. «Бесағаштағы бұл орын бүгін денсаулығымызға кері әсерін тигізді, ертең қанша адамға зияны тиерін кім білсін?» дейді зардап шеккендер.

«Үйге келе салып, баламның жағдайы нашарлады. Іші ауырды, жүрегі айныды. Бір сағаттан кейін менің өзімде де солай болды. Бірден жедел жәрдем шақырдық. Тез әрекет етпегенде, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты», - дейді Бесағаш ауылының тұрғыны Мариям Соскова. 

«Талғар тасжолының бойындағы «Чиль Сон» дәмханасынан 4 дөнер алып, үйге келдім. Жегеннен кейін-ақ ауыра бастадық. Өзім, әйелім, қызым, бәріміз естен танып қала жаздадық», - дейді Бесағаш ауылының келесі бір тұрғыны Хасен Сексенбай.

5 күн өтсе де, енді ғана ес жиған азаматтар жергілікті полиция басқармасына арыз жазып қалдырыпты. Көпшілік мұндай жағдай қайталанбауы тиіс деп талап қойып отыр.

«30 қаңтарда аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы бойынша іс қозғалды. Сараптама үшін керекті тағайындамалар жасалды. Істің мән-жайы әлі де анықталып жатыр», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің ресми өкілі Әбілтай Әбенов.

Дәмхананың иесі «жұмыс істеп келе жатқан 3 жылдан бері мұндай жағдай бірінші рет болып отыр» дейді. Ал тексеру жұмыстары аяқталмайынша ештеңе айта алмаймын деген қожайын етті қаладағы түрік компаниясынан алатынын айтты.

«Қалай болғанда да, осынша адамның улануына себеп болғандар жауапкершілікке тартылуы тиіс» дейді тұрғындар. Ал істің мән-жайы анықталғанға дейін жұмыс істемейміз деген дәмхана иесі дәл сол күні неге мұндай жағдайдың болғанын өзі де түсінбей отыр.

Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров