Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 4 елдімекені: Жаңа-Тұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй) және Өргебас (194 үй) су астында қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы, өңірде қызыл судан 620 үй жапа шеккен.
Тұрғындарды көшіру үшін 22 эвакуациялық орын даярланған. Бүгінгі күні бұл орындарға орналасқан адам саны 7000-ға жуық.
«Эвакуациялық бөлімдерде тұрғындарды 120 медицина қызметкері тексеруден өткізіп жатыр. Полиция қызметкерлері Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас елдімекендеріне 5 блок-бекет қойып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, көршілес Жетісай ауданы Қоғалы елдімекенінде қауіпсіздікті күшейту мақсатында 5 техника, 508 адам жұмылдырылған.
«Жағдай тұрақты бақылауда, барлық қажетті көмек уақытылы көрсетіліп жатыр», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.