Әскери қызметте қаза тапқандардың отбасына 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Қаржылай көмекті Маңғыстау облысының әкімдігі бермек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, әскери қызмет барысында қаза тапқан 13 сарбаздың 12-сі Ақтау қаласының әскери гарнизонында қызмет еткен. Бұған дейін белгісіз себептермен апатқа ұшыраған МИ-8 тікұшағының бортындағы қаза тапқан 13 азаматтың тізімі жарияланған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша арнайы әскери прокурорлармен оқыс оқиғаны тергеу жұмыстары басталып кетті. «Ұшу ережесінің бұзылуы» деген бап бойынша қозғалған қылмыстық іс бас прокурордың бақылауына алынды.
Еске сала кетсек, кеше Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады.
«Қорғаныс министрлігінің басшылығының тарапынан Ішкі істер министрлігімен бірлесіп комиссия құрылды. Қазір комиссия жұмыс жасап жатыр. Осы комиссияның қорытындысымен қосымша Қорғаныс министрлігінің ақпарат ведомствосы ақпарат береді», – деді ҚР Қарулы күштері бас штабы Мобильдік-ұйымдастыру жұмыстары департаментінің басшысы Ардақ КУКАТОВ.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізіліпті.