Қарасай ауданының сақшылары жұмыстарына селқос қарап, өмірімізге қауіп төндірген адамдарға тоқтау салмай отыр. Алматы облысы, Береке ауылының тұрғындары көшеде көкпар тартудың әдетке айналғанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Әуесқой көкпаршылардың ерсі әрекетінен адамдар да жарақаттанған. Елірген жігіттер жолда жүрген жаяу жүргіншіні қамшымен де тартып кеткен. Тұрғындар турнирді ұйымдастырып, ұлттық спортты жарнамалаудың жабайы түріне көшкен адамдарды жазалауды талап етіп отыр
Бұл кадрлар жаз айының соңғы күндерінде түсірілген. Белгісіз біреулер тар көшеде көкпар ұйымдастырып, жергілікті тұрғындардың өміріне қауіп тудырып келеді. Тар көшеде құтыра көкпар тартқан жігіттер ондаған баланы таптап кете жаздаған. Тек аулада ойнап жүрген жас балаларды үйге асыға кіргізіп үлгердік дейді жазықта емес, ауыл ішінде көкпар тартуды әдетке айналдырған адамдардан әбден зәрезеп болған тұрғындар. Ал, ересектер болса, қоршауларға шығып жандары қалған. Нөпір болып көшеде еліре шапқан ересектердің әрекетінен ауыл тұрғыны ауыр жарақат та алған.
«Береке» ауылында көкпар тарту осымен өтірік айтпасам, үшінші рет қайталанып тұр. Көкпар тартылатын, бірақ ауылдың маңында - алыста, ашық алаңқайда, егістік жақта тартылатын. Көшеде кешкі сағат 6-7-де балалар көшеге емін-еркін ойнап шығатын кезде тас жолда бір топ жігіт атпен шауып келіп, тап дүкеннің алдында қолындағы тулақтарына таласа бастады», – деді Әсел ЖАНҰЗАҚОВА.
Ауыл тұрғындарының айтуынша шабандоздар елдің мазасын бірінші рет алып отырған жоқ. Ат жарысының әуесқойлары жол жиегінде тұрған бірнеше көлікке де зақым келтірген. Қауіпсіз алаңда емес, ауыл ішіне атой салған адамдардың әрекетін тоқтату туралы арыз да жазылған. Бірақ Қарасай ауданының тәртіп сақшылары сол селсоқ күйінде, істі жауапсыз қалдырған, тыйым да салмаған. Аталған жайтқа байланысты көкпаршылардың қоғамдық бірлестігі мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, ұйымдастырушылар алдымен әкімдіктен рұқсат алу керек. Ұлттық ойынды өткізетін арнайы орындарда ғана лақ тартуға рұқсат. Бұл жерде ең бастысы – келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамдық бірлестік басышсының сөзіне сенсек, көкпар тартқанда өте сақ болу қажет.
«Көкпар беретін болсақ, әкімдікпен ақылдасамыз. Әкім арқылы ауруханадан скорый помощь медбике сондай адамдарды қоямыз. Содан кейін учаскелік полицияларға хабарлаймыз», – деді Алматы облысы, Елтай ауылдық округі ұлттық ойындарды ұйымдастыру қоғамдық бірлестігінің басшысы Әбдіжаппар КӨШЕРБАЕВ.
Ал, Елтай ауылдық әкімшілігінің мамандары «ережесіз көкпар» бұрын соңды өтпеді деп ант-су ішіп отыр. Біздің азаматтар көшеде көкпар тартпайды дейді. Мұндай ұлттық ойынды өткізуге жергілікті билік рұқсат бермеген. Тұрғындардың құтын қашырған спортшылар басқа ауылдан болуы мүмкін деп әкімдік ат-тондарын ала қашты.
«Негізінде, бұл оқиға болғанымен қазір анықталып жатыр. Себепті, бұл берілген көкпар Елтай ауылдық тұрғындарымен берілмеген. Көрші округтан беріліп жатыр деп естігенбіз. Қазір көкпарды берген иесін анықтап жатырмыз», – деді Алматы облысы Елтай ауылдық округі әкімдігіінің бас маманы Азамат ЖИЕНБАЕВ.
Әкімдіктегілер көкпарды рұқсатсыз көшеде ұйымдастырғандарды тез арада анықтаймыз деп уәде берді. Ал облыстық полиция департаменті мамандары көкпарға қатысқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтады. Тұрғындар ұлттық ойынды жабайы жарысқа айналдырғандардың үстінен арызданамыз деп бекініп отыр. Бұзақылар табылып, тиісті жазаларын алғанша, ата-аналар балаларын көшеге шығармай отыруға тура келеді.
Өмір Әнуарбек, Жанат Айтенова, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы