Контрабандалық жолмен полиция бекетінен алып өтпек болғанда тәртіп сақшылары бағалы терінің аса ірі партиясын анықтады, деп хабарлайды Baq.kz.
Заңсыз жүк Жамбыл ауданында полиция бекетінде тоқтатылған «Сетра» автобусының жүксалғышынан табылды. Жолаушылар автобусы Түркістан облысынан Алматы қаласына бет алған. Жүргізушінің айтуынша, бағалы терілер салынған «құнды» сәлемдемені Алматыдан күтіп алу тиіс болған.
«Бес үлкен жол дорба тәркіленді. Олардың ішінде ондатрдың 3,5 мың терісі болғаны анықталды. Автобус жүргізушісінде терісі бағалы аңды атуға, тасымалдауға немесе сатуға рұқсат етілген құжаты жоқ. Ол тек терілер салынған сөмкелерді Алматыдағы белгісіз адреске жеткізуді сұрағанын айтты. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Мемлекетке келтірілген материалдық шығын есептелуде»,- деп атап өтті Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес терілердің бірнешеуі сараптамаға жіберілген. Осы сараптаманың қорытындысы бойынша нақты процесуалдық шешім қабылданатын болады.