ТЖ: Қалаға азық-түлік жеткізуші жүк көліктері жасыл дәліз арқылы кіретін болады

primeminister.kz
primeminister.kz
Қалаға облыстан келетін азаматтардың кіруіне тыйым салына ма
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Карантин күшіне енгеннен кейін, яғни 19 наурыз түнгі сағат 00:00-ден бастап қала шекарасы жабылып, санитарлық бақылау күшейеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалаға облыстан келетін азаматтардың кіруіне тыйым салынбақ. Ал логистика және бизнес саласы аса назарға алынып, қалаға азық-түлік тасымалдайтын ірі жүк көліктері жасыл дәліз арқылы кіргізіледі. Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану орындары тапсырысты үйге дейін жеткізу қызметіне көшіп, қызмет көрсететін орталықтар жұмыстарын уақытша тоқтатпақ.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев онлайн-брифинг ұйымдастырып, карантин кезінде атқарылатын бірқатар шараларды атап айтты. Қалаға азық-түлік жеткізуші жүк көліктері жасыл дәліз арқылы кіретін болады. Яғни қалаға тасымал жасайтын әрбір көлік қатаң тексерістен өткізіледі. Қаладағы бизнес саласын тұрақты ұстап отыру үшін кәсіпкерлермен біріге жұмыс істейтін арнайы штаб құрылған. Тұрғындарды азық-түлікпен үздіксіз қамту жағы да қарастырылған. Бүгінде қалада үш айға дейін жететін азық-түлік қоры бар.

«Мысалы,  көкөністер бойынша қазіргі таңда Павлодар облысы мен Түркістан облысы және көрші мемлекеттермен келісім-шарт  бар. Қаланы қамтамасыз ететін ең ірі компаниялармен,  одан басқа сиыр етін, тауық еті болсын, жергілікті өндірушілермен келісім-шарт отырылған», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ

19 наурыздан бастап қалаға сырттан келетін азаматтардың кіріп-шығуына тыйым салынады. Яғни облыста тұрып, қалада жұмыс істейтін азаматтардың жүріс-тұрысы шектеледі. Мұндай жағдайда жұмыс берушілер қызметкерлерін төленетін еңбек демалысына жіберуі керек немесе қашықтан жұмыс істеуге көшулері тиіс. Ал сауда орындарында, азық-түлік дүкендерінде жұмыс жасайтындар немесе уақытша демалысқа кетуге мүмкіндігі жоқ азаматтар уақытша тұратын орын табуы керек.

«Егер мүмкіншілігі жоқ болатын болса, облысқа жіберуге онда қаланың ішінен қазіргі таңда жатақханалар босап жатыр, хостелдер мен басқа да қонақ үйлер босап жатыр. Уақытша орын тауып, бұл мәселені шешу керек. Өйткені 00:00-ден бастап қаланың шекарасында арнайы өткізу болмайды», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ

Әкімдік өкілдері халықты карантин тәртібін қатаң сақтау үшін ең керекті деген азық-түліктер мен тұтыну тауарларын үйге дейін жеткізіп беру қызметіне көшуге шақырды. Сондай-ақ қаладағы барлық мейрамхана жабылып, қоғамдық тамақтану орындары үйге дейін жеткізу қызметіне көшеді. Ал банк пен пошта нүктелері толық режимде жұмыс жасайды. Фитнес, СПА, сұлулық салондары сияқты қызмет көрсету орталықтарының барлығы жабылады.

«Біз қазір онлайн-дүкендерімен келісіп қойдық. Олар жеткізу қызметтерін барынша арттыруды қолға алды. Сондықтан біз халықты тікелей байланыссыз қатынасқа шықырып, керекті тауарларды үйге дейін жеткізу жұмыстарын күшейтіп жатырмыз», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ

Қазір бетперделердің тапшылығын тудырмас үшін төрт жақты кесілімшарт жүргізілген. Қалада арнайы 48 дәріхана бекітілген. Бұл әр ауданда орналасқан дәріханаларда баға бақылауға алынбақ. Онда бейнебақылау орнатылып, әрбір сатып алу тіркеліп отырады. Қарапайым бетперде бағасы 87 теңге деп бекітілсе, көмір фильтрі бар маскалар 111 теңгемен сатылады.

Назкен Еркін, Майрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров