Алматыда зейнеткерге пышақпен шабуыл жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Ол кейуанадан бағалы заттары мен ақшасын тартып алуды ойлаған. Алайда зейнеткерден 1300 теңге мен алтын сырғадан басқа бағалы зат таппапты, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция мәліметінше, оқиға Алатау ауданында орын алған. Егде жастағы әйел құқық қорғаушыларға жүгініп, өзіне пышақпен шабуыл жасалғанын айтқан.
«Ер адам кейуананың үйіне кіру үшін оны алдаған екен. Ол үйге кіргеннен кейін зейнеткерге пышақпен тап берген. Артынша оны ұрып-соғып, ақшасы мен бағалы заттарының бәрін беруді талап еткен», - делінген хабарламада.
Алматы қалалық Полиция департаментінің қылмыстық полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақовтың сөзінше, зейнеткерге шабуыл жасаған 1982 жылғы ер адам болып шықты. Ол бұған дейін мүліктік қылмыстары үшін жауапқа тартылған.
Полицейлер күдіктінің тұтқындады. Ол өз әрекетін мойындады. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.