Таразда тұрғын үйден өрт шығып, бір адам көз жұмды

Almaty.tv
Almaty.tv
50 адамды қауіпсіз жерге көшірілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда тұрғын үйден шыққан өрттен 1 адам қаза тауып, үш адамды күйік шалды. Қызыл жалын төрт қабатты баспанада тұтанған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төтеншеліктер оқиға орнына жете сала тұрғындарды эвакуациялады. Олар 50 адамды қауіпсіз жерге көшіріп, өртті сөндіруге білек сыбана кіріскен. Бұл уақытта қызыл жалын 42 жастағы азаматтың өмірін жалмап үлгеріпті. Тағы үш адам зардап шеккен.

– Үш науқастың ішіндегі 1979 жылғы азаматтың денесін 30 пайыз күйік шалған және түтінмен уланған. Тыныс жолдары күйік алғандықтан, ауыр хәлде жансақтау бөліміне жатқызылды. Қалған екі науқас дене күйік бөлімінде жатыр. Жағдайы орташа дәрежелі болып саналады, – деді Көпсалалы қалалық аурухана бөлімінің меңгерушісі Әбілсейіт Сыдықов.

Зардап шеккен үшеудің бірі Бекмұрат Сұрабалдиев – мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі. Ол тұрғындарды тілсіз жаудан құтқарамын деп, күйіп қалған. Жарақатына қарамастан оқиға орнынан екі азаматты шығарып үлгерген.

– 4-қабаттан екі адамды көрдік. Олар өрттен қашамыз деп секіргелі тұр екен. Біз сол кісілерді шұғыл эвакуациялау қажет деп, бірден көтерілдік. Ер адамды сыртқа алып шығып бара жатқанда үшінші дәрежелі күйік алдым, – деді Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі Бекмұрат Сұрабалдиев

Қаһармандық танытқан өрт сөндіруші адал қызметі үшін марапатталмақ. Тұрғын үйден шыққан қызыл жалынмен 50 адам арпалысып, оны сөндіруге 14 арнайы техника жұмылдырылды.

– Қазір өрттің шығу себебі мен шығынын анықтап жатырмыз. Тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал өрт кезінде ерлік көрсеткен Бекмұрат Сұрабалдиев 30 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келеді. Кәсіби маманның арқасында тұрғындар аман қалды, – деді Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Карина Карташова.

Ал қызыл жалын кесірінен баспанасынан айырылып, зардап шеккендер үшін көрсетілетін көмек арнайы комиссияның қарауында.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 600-ден астам өрт дерегі тіркелген.

Гүлмарал Изатқызы, Ғалымжан Есенбаев, «Алматы» телеарнасы, Тараз

Оқи отырыңыз: Астанада салынып жатқан ғимараттан өрт шықты

Новости партнеров