Жамбыл облысында қылмыс деңгейі төмендеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жергілікті полиция өкілдері статистикаға сілтеме жасап осылай деп мәлімдеген. Салыстырып айтсақ былтыр ғана, адам өлімі, ұрлық, қарақшылық сияқты қылмыстардың өскені байқалған еді. Биыл жағдай басқаша. Сонымен, криминогенді ахуалдың жақсаурына не себеп? Бұған карантиннің қатысы бар ма?
Ақпан айында белгілі жағдайларға байланысты облыстық полиция басшылығы ауысқан еді. Сол уақыттан бергі статистиканы сөйлетсек. Облыс аумағында қылмыс саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,5%-ға азайған. Былтырғы жылмен салыстырғанда 17,1%-ға, оның ішінде пәтер ұрлығын ашу 19%-ға жоғарылапты.
«Облыс аумағында қылмыс саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 27 пайызға азайған. Атап айтқанда, кісі өлтіру және оған оқталу 100 пайызға орын алып отыр. Ауыр санаттағы қылмысқа келер болсақ, қарақшылық бұзақылық қылмыстары 100 пайызды құрады. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс саны 29 пайызға төмендеген. Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 53 пайызға дейін төмендеді», – деді Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Темірбек ОРАЗЫМБЕТОВ.
Сонымен қатар, мас күйінде жасалынған қылмыстар да екі есеге дейін төмендеген. Әрине, бұл жетістік полиция сапындағы барлық қызметкердің еңбегі. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді. Екі ауысымдағы құзырлылар 12 сағат бойы үздіксіз қала аумағындағы тыныштықты бақылап жүр. Мәселен, «Боран 20» тобы күндізгі кезекшілікке түскен. Әрине, жұмыс көлемі төтенше жағдай кезінде еселеніп, жай уақыттағыдан жоғарылағанын айтады.
«Жалпы халыққа қызмет ету болғаннан кейін қызметіміз, ешкімге ауырсынбаймыз, міндетсінбейміз. Жұмысымызды тиянақты тыңғылықты атқаруға тырысамыз. Бекерден-бекер көшеге шығуға болмайтынын, себепсіз көшеде жүруге болмайтынын ескертеміз. Жұмыс барысында өзімізге бекітілген аумақта, патрульдік учаскіде жекелеген автокөліктерді де қазіргі уақытта тексерудеміз. Рұқсаты бар ма, жоқ па? Мысалы мына автокөлікті тоқтатамыз», – деді Тараз қалалық жол патрульдік полициясының инспекторы Өміржан НҰРАЛИЕВ.
Еселі еңбек еленуі керек. Әрине, бұл бағытты да қызметкерлер ұмыт қалмаған. Төтенше жағдай кезінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметкерлерге қаржылай сыйлық берілуі тиіс деген. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленіп жатыр. Жалпы, қызметкердің жеке басы мен денсаулығы үшін бүгінде, құқық қорғау мекемелеріне 310 мың литр антисептик, 13 мың қорғаныш қолғап пен 22 мың дана медициналық масқа қарастырылыпты.
Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы,Тараздан