Шығыс Қазақстан облысында Полиция қызметкерлері марал атқан браконьерді ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданының тәртіп сақшылары Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғыны тізгіндеп келе жатқан Mazda маркалы көлікті тоқтатқан.
«Тексеру барысында жүк салғыштан жабайы марал еті табылды. Сондай-ақ көліктен «ВПО 208Л» маркалы тегіс ұңғылы аңшылық карабин тәркіленді.
Белгілі болғандай, ер адам Бұқтырма су қоймасынан шамамен 15 шақырым жерде маралды атып алған. Етті көлігіне салып, үйге қайтып бара жатқан жерінде полицейлер тоқтатты», - делінген ақпаратта.
61 жастағы азамат өз кінәсін мойындап отыр. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігіне (Заңсыз аң аулау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.