Шымкентте сауда орталығының қызметкерлері мамандықтарын ауыстырып, акушер болуға мәжбүр болды. Кеше аталған сауда орталығында сағат 14:00 шамасында 27 жастағы келіншек босанды. Ал мекеме қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, шарананы аман-есен тудырып алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, басында олар абдырап қалған, бірақ кейін бірігіп көмек көрсетуге тырысқан. Босанған әйелдің өзі есеңгіреп қалды. Нәресте сауда орталығы қызметкерлерінің көмегінің арқасында дүниеге келді. Келіншек босануға жағдай жасалған киіну бөлмесінде босанды.
Киім ауыстыратын бөлмеде дүниеге келген нәресте тез арада қалалық перинаталдық орталыққа жеткізілген. Салмағы 3 келі, бойы 54 см. Ақ халаттылардың айтуынша, ана мен баланың қазіргі жағдайы жақсы.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Жағдайы жақсы. Тез арада реанимация бригадасы жіберілді. Артынша кюезі бар арнайы бригада жіберілді. Ана мен балаға алғашқы көмек көрсетіліп, қалалық перинаталдық орталыққа жеткізілді. Өйткені ол ең жақын орналасқан аурухана. Қазір жағдайлары жақсы. Қалалық босану үйіне тасымалдау бойынша сұрақтар шешіліп жатыр».
Еске салайық, бұл сауда ойын-сауық орталығының қызметкерлері босандырған екінші жағдай. 2019 жылдың ақпанында қызметкерлер 23 жастағы келіншектің босануына көмектескен.