|
06.04.2021 | 20:55
4098

Жасырын тойлар тоқтамай тұр: Жамбыл облысында жауаптылар 300 адам жиналған тойдың үстінен түсті

Жалпы өңірде наурыз айының басынан 5 мыңға жуық нысан тексеріліп, 300-ден астамының ережені бұзғаны анықталды

Жасырын тойлар тоқтамай тұр: Жамбыл облысында жауаптылар 300 адам жиналған тойдың үстінен түсті

Жасырын той жарға жығады. Тығылып қыдыратындар өңірлерде де азаймай тұр. Жамбыл облысында мобильді топтар 300 адам жиналған тойды әшкереледі. Билік өкілдері өткен аптадан бастап барлық мейрамханалар мен той тойлаған әрбір үйге дейін кіріп баруда. Сақтық талаптарын сақтамағандар айыппұл арқалап, тойшыл қауым той үстінен тарқап жатыр. Дерт дендеген уақытта дарақылықты тимағандар жайлы Almaty.tv тілшісі Мерей Баеттің бейнематериалында. 

Мейрамхана қожайындарының құлағына алтын сырға. Енді тойға рұқсат берген тойхана иесіне 640 мың теңге айыппұл салынады. Сәуір басталғалы бері шаһарда шектеу шаралары күшейтілді. Қала әкімінің тапсырмасымен 4 бірдей мобильді топ құрылды. Олар адам саны қалың орындар мен мейрамханаларға тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Рейд рейдке ұласса да кейбір кәсіпкерлік нысандардың бекітілген ережеге бас шұлғып, бағынғысы жоқ.

Мейрамханалардың да тойды тиятын түрі жоқ. Тіпті 300 мейманға дейін бас қосқан тойлар да белгілі болды.  Еш алаңсыз жүрген жұртты полиция қайтарды.

Мейрамханада жасырын той жасау мына жиыннан кейін бергі жағы болып қалды. Үй ішінен тойхана тіккен тойшылдардың да әрекеті әшкереленіп қалды. Дегенмен қонақтардың құқық қорғаушыларға деген қасарысы ерекше болды.

Түсірілім тобымыз бен тексеруші тарап  ұзатудың үстінен түсті. Ұясынан ұшқан қалыңдыққа сәукеле емес, маска тағатын кез екенін түсіндірді.

«Мұндағы ең басты мақсат бізде жалғыз мейрамханалар мен тойханалар емес. Бұл жерде қоғамдық көліктер, қоғамдық орындар, және де сауда саттық орындар. Азаматтардың көп жиналатын жерлердің бәрін осы мобильді топ күні түні бақылап, сақтық шараларды сақтауды талап етеді. Басты мақсатымыз аурудың алдын алу», – деді қала әкімінің орынбасары Алмас Сәдубаев.

Қоғамдық көлікте болған тексерісте де бетперде тақпайтын тұрғындардың көп екені анықталды. Қала әкімінің орынбасары жолаушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оларға маска тағуды міндетті екендігін айтты. Жалпы өңірде наурыз айының басынан 5 мыңға жуық нысан тексеріліп, 300-ден астамының ережені бұзғаны анықталды. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 32 млн теңгеге жеткен.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан «Алматы» телеарнасы 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир