Петропавлдың 76 жастағы тұрғыны алаяқтарға алданып, 5,5 млн теңгесінен айырылды. Полицияға дер кезінде жүгінудің арқасында ақшаны қайтару мүмкін болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 76 жастағы тұрғынына біреулер қоңырау шалып, «сіздің қызыңыз жол-көлік оқиғасының себепкері болды, оның кесірінен жүкті әйел өлім аузында жатыр» деп хабарласқан. Телефонның ар жағындағы бейтаныс өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Оның айтуынша апаттан зардап шеккен әйелдің туысы оларға үлкен сомада ақша төленген жағдайда арыз жазбауға келіскен. Күтпеген хабардан есеңгіреген зейнеткер келісіп, үйіне келген тасымалдаушыға өзінің барлық жинап-терген 5,5 миллион теңге ақшасын беріп жіберген.
Көп ұзамай оның қызы үйге келіп, оқиғаға қаныққаннан кейін дереу полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары тасымалдаушыны алысқа ұзатпай ұстады. Ақша тәркіленді. Полицейлердің айтуынша, ол Петропавлда тіркелген алаяқтықтың тағы екі фактісіне қатысы болуы мүмкін.
«Петропавлдың 17 жастағы тұрғыны ұсталды, кәмелетке толмағандығына байланысты ол ата-анасының кепілдік беруімен босатылды. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Адамдарды осылайша алдау схемасы кеңінен таралып келеді. Сондықтан тұрғындарды ескерткіміз келеді. Осындай жағдайда әңгімені үзіп, алаяқтар сөз етіп отырған туыстарыңызға хабарласыңыздар, жол-көлік оқиғасы фактісінің жоқтығына көз жеткізу үшін «102» арнасына дереу қоңырау шалу қажет», - дейді СҚО ПД Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Ербол Тайбеков.